Туылған күніңе
Анау бақ біз табысқан көктем бағы,
Жүректі жылмық нұрмен өпкен бағы.
Содан бері көгіме ай қонақтап,
Көңілдің көкке атылып кеткен-ді әні.
Ал анау іңірдегі су сарыны,
Жүректің тұнып тұрған тұмса мұңы.
Жар етіп маған тәңір бір меңдіні,
Жар еткен сосын саған бір сарыны.
Көңілдің гүл құшақтап көбелегі,
Жүрегім жұлқып қашты делебені.
Қосу деп қосып қойдың қос сызықты,
Білмеймін менің үнім не дегенін.
Сен айттың, көзбен айттың, үндемедің,
Мен айттым, сөзбен айттым, үндемедің.
Кекілін кілкіген нұр тарап қалып,
Анау ай есі кетіп күлген еді,
Дүр етіп дуадақ жыр көкке атылды,
Қағазға қонбай қалқып тұрды өлеңім.
Малынған махаббаттың ақ нұрына,
сезім – патша, жүректер – ақ тұғыр, ә.
Білмедің, сол түні мен мас боп қайттым,
Шарап тамып кеткендей шаттығыма.
Айналдық айдың барып өрісінде,
Айналдық бір жүрекке сол үшін де.
Содан бері ақ тілек айтар болдым,
Жыл сайын желтоқсанның он үішінде!!