07.05.2022
139
Топырақ
Сүмбіле сұлу қиялда,
Сүйіктім сүркей өмірде.
Сезімсіз серттер жиі алдап,
Жалынсыз өрттер емуде.
Туған жер саған сатқынмын,
Тұнығың бойда қалмады.
Арыма тіккен ақ туым –
Оқ тиген жанның арманы.
«Тұрғын-ау, сені сүйем» деп,
Айқайлап айтпақ едім мен.
Күйшісі тірі, күйі өлген
Тірлікке дауысым көмілген.
Ақшоқыдағы Абайдың,
Алтайдағы анау бабамның
Топырағына мінәжат
Етейін деп ем, ессізбін.
Абыройын сатып атамның
Төбемді көкке жеткіздім.
Желөкпе мынау күніме,
Жерік боп туған арманым –
Асасын өртеп, тіріде
Ақымға көміп ардағын.
Кіндігімді үзген топырақ,
Тұрғын-ау, енді не дейсің?!
Көрмеген сенің жасыңды,
Көзімнің шелі көбейсін.
Жеріне табан тіремей,
Жетім боп өскен оңбас ұл.
Ақтармын арсыз жанымды,
Ертіске жуып он ғасыр!!!