07.05.2022
  193


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Ғашық болған күннен бері

Сен білмейсің, менің мұңым бір түрлі,
Қиялимын, кімдік1
жеңген күлкімді.
Ең алғашқы ғашық болған күнімнен,
Жанарыма құрғамас жас іркілді.
Қай кез еді ол,
қара қыздың жанары
жүрегімді түйрегенде, о бәлі!!
Содан бері, садан бері кеудемде,
Мәжнүн болған басқа жүрек соғады.
Ал айтып көр, айығып көр, күліп көр,
Ол кезде оны балаға жат қылық дер.
Өртенгенде жазған жырды көріп ап,
Күлетұғын жұптары бар жігіттер.
Ал мен болсам күні-түні көз ілмей,
Ғашықтықтан өзге ештеңе сезінбей.
Ойлайтынмын, әйел заты жалғыз сол,
әлемдегі жалғыз еркек өзімдей.
Әттең, әттең сүйісерге баламыз,
Мөлдірейміз, тым-тым жақын арамыз.
1.Кімдік – көне сөз. Құса болудан болатын ауру.
Ертектерден шығып келе жатамын,
Түсімде ылғи хан қызы боп қара қыз.
Қара қызға ғашық болмау мүмкін бе?
Деймін тосын сырлас болған кім-кімге.
Жігіт болып кеттім сосын амалсыз,
Төрт-бес жылға есейдім де бір түнде.
Мәжнүн болдым миы шіріп ақылдың,
әзәзіл кеп у іш десе мақұлмын...
Ғашық болмай тұрған кезде баламын,
Ғашық болған күннен бері ақынмын...


Бақыттан кейде жылаймын,
Бақыт та у ғой аштырақ.
Мазасын алдым Құдайдың
Мағынасыздау бақ сұрап.
Бақыттан кейде күлемін,
Бақытқа бәрі балама.
Күдік ап күпті жүрегің,
Күрсініп бір сәт қалады ә!
Бақыттан кейде мастанам,
Шарап қой ол бір, шалқып іш.
Алдыңнан есік ашпаған
Ессіздеу күнге тартылыс...





Пікір жазу