Хатқа жазып кетемін
Дыз етпе бұл сезімді қандатып ап,
таба алмайтын сәтім көп жанға тұрақ.
Хат жазбайды бұл күнде ел,
соны білмей
хат күтетін сенен көп мен де ақымақ.
Ал сондағы жетерім нала ғана,
сары күнде сабырлы ой санамалау.
Қауырсын қып хат жазу самырсынның
сабау-сабау саусағын саған анау.
Хат жазбайды бұл күнде,
соны білмей
хат жазуға сүйрейді соны бір ой.
Жер ортаға сүйреген күнді ескермей,
басылмай жүр баяғы желігім ей.
Бар салмағы менде жүр жер үстінің,
бөліп-жара көтеріп, бөлісті кім?
Шарап жасап берейін сағыныштан,
ақын мұңы зәмзәм деп сен іш, күнім,
Қуат алып бұлқынсын құлын денең!
мен ақынмын, ағам – ән, інім – өлең.
Жүректің көпіршіген күллі жырын,
хатқа жазып кетемін түбінде мен.
* * *
Ұлым боп келер ме екенсің,
Қызым боп келер ме екенсің.
Көбіктей өткен көп күнді
жарығыңменен өтерсің.
Жабығып жүрген шағымда
ояттың қайта мені де.
Күншілдік мүлдеп болмайтын,
пенделік те онда болмайтын,
арамдық өліп жөргекте,
адалдық гүлі солмайтын,
әкелсем деп ем өмірге.
Жетпеген армандарым мен
жетпеген жебелерімді,
сен жеткіз, күнім, көгіме.
Жүрегім еріп кетсін бір,
«Әке» деп күлген шағыңда.
Балам боп қайта жетсін бір,
айналған арман сағымға.
Арыстан жүрек ұл боп кел,
көктемдей көркем қыз боп кел!
Жарығы жетім бұл жерден
жақсылық қана іздеп кел.
Аман бол ұлым боп келсең!
Аман бол қызым боп келсең!!