Аға
Аға-ау, Аға!!
Өзіңдей асыл жанды ойлап,
санада сағыныш салды ойнақ.
Ертелі-кеш жыр жазам,
бұйырар содан қандай бақ.
Бал кештің тыңдап күбірін,
өтеме деп ем ғұмырым.
Аспандағы айға ұлып жүр,
бөрі болам деп бұл інің.
Сен жазған жырдай әдемі,
айтылмас сырдай сәлемі.
Санамда жүріп шаң басты,
мінсіз бір музам бар еді.
Тәбетім тартпай күлкіге,
тағасыз аттай іркілем.
Ініңді жасын үніңмен,
сілкілеп алшы, сілкілеп.
Тымырсық қандай тар әлем,
сырлассам бағзы даламмен.
Алатау сынды тұлғаңды,
сағынып жүрмін, аға мен!
Елітіп шәйір жүрегін,
есіней тыңдап тілегін,
Алматы әлі жатырма
Алатауға артып білегін?!
Аруы – арман, кіл керім,
мәйхана болған түнгі емім.
Көне шаһарға көмілген,
қайғысыз, қамсыз күндерім.
Жырлары жаһұт, үні мұң,
Шираздың сүйген сұлуын,
кәйіпшіл сол бір шәйірдің,
аңсаймын мен де ғұмырын.
Сыймаған Алтай, Алатау,
бұйырар бізге қандай бақ?!
Жалау ғып жасын ән байлап,
Татымсыз күнге қан қайнап,
Тартып бір кетсем қайтеді,
Бататын күнді маңдайға ап!?
Аға-ау!!