07.05.2022
  124


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Күз. Түн

Жиып теріп мезгілдің жапырағын,
бақ ішінде күз болып отырамын.
Өлең етіп тіземін дәптеріме,
туған жердің әр шымшым топырағын.
Жазылмайтын дерт тапты жүрек енді,
(Күншіл досым тағы да күле келді).
Бір сағыныш бір басқа жетер еді,
мың сағыныш несіне түрегелді.
Жұлдыз біткен көз жасқа айналып ап,
тырс-тырс етіп тамады айға құлап.
Бара жатыр жерлеуге бір ғұмырды,
бар ғұмырдың басына байланып ақ.
Қыз ғұмырдың көз жасын мұң ішкен күн,
құрбаны боп қомағай сүйістердің.
Шашын жайып жылайды алдыма кеп,
түн арудың арына тиіскен кім.
Түн арудың пәктігі бүлінді уыз,
ертеңіме айта бар мұңымды күз.
Таңға асылып өледі қарада тұр,
қасіретін құшақтап бұрымды «қыз»!!





Пікір жазу