Туған жер
Мысы басып Аналар, Мыналардың...
маған әлі алыс па қуанар күн.
Көктем сайын сарыала қаз мойнынан
келеді ылғи құшақтап жылап алғым.
Сағыныштан бұл көңіл менде сынық,
киелі күн тілімен емдеші үміт.
Жарық еткен жұлдыз арман бара жатыр,
көктемнің жаңбырындай жерге сіңіп.
Мендегі сағынышты, күрсінуді,
шарап қылып үн-түнсіз түн сімірді.
Туған жер, сенің көктем тойыңа арнап,
жүрегімде көктетем бүршігіңді.
Қазірше тым алыста, айда рухым.
(Айда жүріп әбестік қайғыру тым.)
Жүрегімде көктеген бүршігіңе,
сынық көңіл сауады майдың бұлтын.
Қазірше бұл ұлыңда алаң басым,
«Ағажай...» деп шырқалса ән қалам жасып.
Ақ қарды жаулық қылған Ақжарыңа,
тұрамын түсімде ылғи амандасып.
Аспаныңа алақан жаям ұдай,
аясаң бұл құлыңды ая Құдай.
Баяғыдай Ертіске сең жүрдіме,
Қараөткелде құс барма баяғыдай.
Баяғыдай жоны сүт, бөктері май,
еркелейме көз қысып көктеміңе ай.
Айдаһармен қарт Алтай қақ бөлініп,
арқа елінен адасып кеткенің-ай!
«Ағажай, Алтай...» болды тыңдар әнім,
мен қалай жазар екем бұл жараны?!