07.05.2022
  98


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Қанат

– Әке, маған қанат алып берші.
(Төрт жасар Ұлпанның тілегі)
Қанаты бар еркіндікті көктегі,
қолмен қалай ұстармын.
«Бодан халық өлеңі»


1
Тұран төсін дүбірімен тербеген,
елі үшін ерегеспен ерлеген,
ешкімге де басын иіп көрмеген,
досым десе асын аяп қалмаған,
қасым десе алдаспанын сермеген,
тұранда ер көп түсірмеген еңсесін,
сол ерлердің рухы менмін өлмеген,
Арын, туын аждаһаға бермеген,
Сарыарқаның самалына шөлдеген,
Ата жұртқа қанат байлап келген ем.
Көк байрағын көк аспанға көтеріп,
көк шалғынға орда тіккен, сетерім!
Шекесіне шер құйылған, күн өткен,
жетесіне жез құйылған, жетелім.
Алатауға арқа берген, Ардағым,
Көкшетауға көсілдірген көлемін,
ата жауын аттатпаған қарға адым,
қас жауына қас қақпаған, Беренім!!
Алтай жақтан күн шығарған, Айбарым,
Атырауда күн батырған, Дегдарым!!
Жеті құлаш найзасымен көк тіреп,
алты құлаш азу тісі от күреп,
дүр сілкінген ерлердің,
қаныменен қорғап қалған жерлер бұл!
2
Сол ерлердің рухы менмін өлмеген,
Қарт Алтай мен Тарбағатай, Ілені,
қанша ғасыр күзеттім.
Ау, менің де маңдайымнан күн өтіп,
табанымнан сыз өтті.
Әз басымды дулығаға толтырып,
арсыз жауды аңдыдым.
Шіріп кетті тебінгім,
шөгіп қалды шекпеніме нар мұңым.
Алғы күні Қас Сақтың ер ұрпағы,
сауыт қылып кебенегін кидіріп,
жауға салдым Зуханы.
Аспанына «Шығыс Түркістан» деп жазып,
ақ кизге көтеріп, хан сайладым Оспанды.
Дүрлеріме ұран болды бостандық.
Жер бетінің жауыздары жиылып,
босағасын бүлдіріп, шаңырағын сындырды,
ақыры Оспан қапыда жер жастанды.
Қара санынан қадақ етін жұлдырып,
Жауға аттанды жырын айтып Сұлубай.
Ел шұбырды қанды жасын сығымдай...
Қайсыбірін айтайын,
сол ерлердің кебенегін оқ тесіп,
кебінделмей қан майданға көмілді.
Қылыш кесті иілмеген басымды.
Еңіреген ерлерімнің ұрпағы,
Азияны көктей өтіп, Еуропаға шашылды.
3
Елу жылда ел жаңа,
Қазаным да жаңаруға шақ қалды.
Қанатымды қомданып,
жетілдіріп топшымды,
Ата жұртқа аттандым.
Емірене қолым қойып кеудеме,
көк байраққа сүйініп,
Ән ұранға ұйыдым.
Тілімізді тірілтіп,
Дінімізді төбемізге көтердік.
қанатым бар тәуелсіз,
кеңістігім жетерлік.
Кеңістігім жетерлік,
тау көшірер екпінім.
Алты алаштың баласы,
армандаған жетті күн.
«Өзенге бие байлатып,
төскейге орда орнатып,
төрткілдеп ошақ қаздырып,
төбел бие сойдырып,
төменде бидің кеңесін»,
біз де бір құрар жетті күн.
Кең байтақ жатқан даламда,
көсіле шабар жетті күн.
Алаштың әрбір ұлына,
бәсіре байлар жетті күн.
Алаштың әрбір ұлдары
көк байрағын көтеріп,
тәуелсіздігін қанат қып,
аспандап ұшар жетті күн!!
4
Қызым, саған Тәңірі өзі сыйлаған,
қанатың бар тым ұлы,
ұшқаныңнан естілетін гүл үні.
бабалардың аңсап өткен ғұмыры –
бостандық деп аталатын бұл қанат,
сен өмірге келгеніңде іңгәләп,
азат болып туылғансың гүл – қанат.
Бостандығың – қанатың,
самға, Күнім, самғап бақ!
Тамылжыған әніңді қос таңға әппақ.
Жырла мына қанатыңды ардақтап,
самға мынау сенің бұлтсыз аспаның,
кеңістігің, кереметің, асқағың!!
самға, мынау сенің еркін ғұмырың,
Еркіндігің – айдын-шалқар тұнығың.
Қанатыңнан айналайын, Құлыным!!
Арманыңнан айналайын, Құлыным!!





Пікір жазу