07.05.2022
  88


Автор: Серікбай Әбілмәжін

Байғұс үні

Алтайдың түнін әлдилер мұңмен,
сұңқылдақ бір құс бар еді.
Көресіні ол құс көрді екен кімнен,
байғұстың жұмбақ әлемі.
Мұң зарын анам түсінер еді,
құлақ сап ұзақ тыңдайтын.
Бүгінде сол үн түсіме енеді,
белгісіз маған мұңды айтып.
Зарыққан елдің зары бар шығар,
бөлініп қалып арқадан.
Сағынышыма жорыған шығар,
жолымды тосқан қарт анам.
Алтайда тіптен көбейді дейді,
сұңқылдақ сол үн бүгінде.
Сыңсыған орман үнін қосады,
сөйлеген шүршіт тілінде.
Әуені ме екен бақыты көшпелі,
әлди де, әлди арманның?
Қайырмасы ма қаралы көштегі,
Елім-айлаған зарлы әннің?
Серікбай ӘБІЛМӘЖІН
Әйтеуір, сол үн көбейді дейді,
сол байғұс нені бүлдірсін.
Анам айтқандай жақсылық болар,
Жақсылық шығар кім білсін.





Пікір жазу