07.05.2022
  134


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Не жетеді

Темір таяқ айналғанша тебінге,
Қол артамын адамшылық дегенге.
Оны шағып алған күні құдай-ау,
Жанға тұрақ қалмас менің денемде.
Ұқсап тұрған орны биік тауларға,
Оның қымбат бағасына дау барма.
Ұп-ұқсас боп мұндалайды бойыңнан,
Жұпар аңқып тұрған бақша-бауларға.
Қайда барсаң күмбірлеген баспана,
Оның шалқар ойы мөлдір аспан.
Адамшылық мағынасы қысқа сөз,
Өз бақытын қиып беру басқаға.
Шіркін онан көп қой менің бұрысым,
Тірлігімнің бірі мақтан, бірі сын.
Тіленбеймін мəртебе мен байлықты,
Адамшылық жасау менің ұлы ісім.
Солай қарай бұлақ болып есілдім,
Бар ағайын жасыратын не сырым.
Оған бөтен ала жіптен аттасам,
Жасамаңдар, жасамаңдар кешірім.
Санайтұғын шыққан біттей төбеңді өр,
Кісініскен кісі қандай кемеңгер.
Тайып кетсем онан басқа керексіз,
Адамшылық жолға салып демеңдер.
Қаз болайын, көңілді айдын көл десең,
Жүрегіңді бір жалғармын өлмесем.
Құлата сал жер бетінде қарайтпай,
Адамшылық жасағанда көрмесем.
Жолдарыңда бұраң-бұраң ұлы сын,
Жасып жүрсем көңіліме гүл ұсын.
Текті болсаң бір тексіздің алдында,
Арды сатпа аз алдамшы күн үшін.
Бүлдіреді тірлік кейде тарсыған,
Махаббаттың таза қаны тасыған.
Бошалаған бұлт құсап жел айдап,
Бəрі өтеді мына жұмыр басыңнан.
Болмаса да қисық табан саптамам,
Шарқайым бар аяғыма шақтаған.
Алаң болмай кей өткінші кездерге,
Адамшылық мінезімді сақтағам.
Адамшылық күн боп тұрды төбемде,
Төредей боп күн өткіздім төменде.
Өз бояуы, өз нілі бар өшпейтін,
Не жетеді адамшылық дегенге.





Пікір жазу