meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  07.05.2022
  151


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Мойындау немесе өкіну

Енді қайдан көңілге шаттық алам,
Жастық кетті бел асып шапқылаған.
Қайта қонар күн болса басыма əттең,
Аязға да тоңбас ем шатынаған.
Жанарына жас тұнып, ыза тұнып,
Кетті қайран сезімдер ұзатылып.
Барды үнемдеп жоғына қам жемеген,
Сол кез еді-ау деген бай мырза тірлік.
Нарқын неге білмегем ай-күнімнің,
Мұнан артық болмас-ау əйгілі мін.
Сонда шіркін шырқырап бір шаба алмады,
Кекілінен жел ескен сəйгүлігім.
Тұрғанымен бойымда күш қалыпты,
Жас күнімдей қозғай ма құштарлықты.
Амал барма қадірін мына жүрек,
Бақыт құсы басынан ұшқанда ұқты.
Жетер қайда, табылмас бір қазына,
Өте шыққан жарқ етіп гүл жазыңа.
Елеңдеймін құлшынам көзім жетіп,
Енді қалған қызықтың тым азына.





Пікір жазу