07.05.2022
  155


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Көп ішінде бәрі бар

Қаңтар болып бір демде көңіл шілде,
Жолыққанда тірідей көмушіңе.
Көре-көре неге де көндігесің,
Не жоқ қалқам бəрі бар көп ішінде.
Құсы кетсе бетінен көлде мұңлы,
Көптен зор деп санама өз көңіліңді.
Байқалмаған біреудің жүрегінде,
Көп қасиет жатады көмілулі.
Аттың терін аяма жалы барда,
Жақсы досқа ол екен жаныңды арна.
Көпке тегіс майдай боп жаға алмайсың,
Көптің тонын жамылған жауың барда.
Мүмкін сүйтіп жығылсаң бір жаманнан,
Жемтік болмай атып тұр мылжаланған.
Айсыз түнде асылды аршып алған,
Көптің жаны шындықпен бір жаралған.





Пікір жазу