07.05.2022
  97


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Тілеймін

Армысың сабақтастар, құрбыластар,
Бір кезгі ұшып қонған жынды бастар.
Қимаймын осалдыққа, олақтыққа,
Ендігі боп алдыңдар бір-бір асқар.
Сендермен бөліп ішкен суым майлы,
Сол ыстық сезім əсте суынбайды.
Жетелеп сендер жаққа кетер ойым,
Кеудемнен жентек-жентек сыр құяды.
Қалыбын сол көңілдің сақтадың ба?
Кім кетіп, кімдер қалды саптарыңда.
Бір еске ап қойдыңдар ма мен байқұсты,
Қуанған, не кейіген шақтарыңда.
Қайғыға қалды кімдер тас қамалып,
Кірпігін сорғалатқан жасқа малып.
Бақыт қой бақытыңда өз адамымен,
Тілейін ең əуелі басқа амандық.
Ауылда ақ үй тігіп əр маңдағы,
Тілекке қол жетті ме армандағы.
Алдыға орағытып оздыңдар ма,
Арада кімдер жан сап қарманбады.
Көп жылдар көрмесемде бойларыңды,
Қиялым желілескен ойға мінді.
Өлердей ғашық едің сен біреуге,
Дəм қосып жасадың ба тойларыңды.
Гүл теріп көктөбеге қыраттарға,
Жеткізбей шығушы едік құр аттарға.
Адамнан ант туады арыменен,
Жеттің бе? Жетем деген мұраттарға.
Тартқаны сол ғой шіркін көштің өрге,
Тату боп адал тірлік кештіңдер ме?
От барын білем асыл жандарыңда,
Көмілмей келген талай көшкіндерге.
Қағылған қазық едік доланадан,
Босауық ұлғайған соң бола ма адам.
Сиясы өлеңімнің қосылады,
Жасына жанарымның домалаған,
Білдің бе өмір қалай жаңарғанын,
Барады туындатып жан арманын.
Түсініп білдіңдер ме адам деген,
Бір-бірін қадірлеуге жаралғанын.
Сыр көбін білдіңдер ме жаттығатын,
Ақылды жақынымен жатты ұғатын.
Басында бізді ұмытып кеткендердің,
Жамылған мұңыда жүр шаттық атын.
Айтайын көңілімнің төтесін кей,
Ойладым жеген тамақ неше сіңбей.
Балаңа үйретіп қой бізді бар деп,
Өзінің көрсін əке-шешесіндей.
Жанымды тербегенде ғажап бір əн,
Ұшуға сендер жаққа қанат бұрам.
Түскенде сендер еске хабар күтіп,
Телефон құлағына қарап тұрам.
Іздейін жайлау жаққа өзіңді өрлеп,
Айтуға тіл жетпеген сезімдер көп.
Бетінен жүрегімнің өшпес болып,
Сызылып қалған сонау кезінде өрнек.
Басталған жаңа ғасыр жыл кешінде,
Отырып қуаныштың мінбесінде.
Тілеймін сабақтастар, замандастар,
Бəріңе үлкен бақыт, тың несібе.





Пікір жазу