07.05.2022
  95


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Біздің үйдің жұртында

Жыр жазсам іші жыртық, сырты құрау,
Мүмкін бе жүрегіңнің кілтін бұрау.
Ұқ балам бір аунап кетейінші,
Бір кезгі біздің үйдің жұрты мынау.
Жаз шөлдеп марқұм əкем қыста тоңып,
Еңбектен кеш келетін мұрты қырау.
Көзіндей бала күннің жылтыраған,
Осында əке аузынан сыр тыңдағам.
Ұмытпа біздің жер үй мына шұңқыр,
Бұл сенің ата қоныс жұртың балам.
Бұл жерді көрген сайын ой бошалап,
Қонады ерке шабыт бұлты маған.
Жемеген дүниенің басқа қамын,
Бала боп осында өмір бастағамын.
Қызықтап үзсем үздім бəйшешегін,
Аялап табанға əсте баспағанмын.
Сүюді сұлулықты тұңғыш сезіп,
Көз қырын гүлдеріне тастағанмын.
Болжалдап тіршіліктің əр мəнісін,
Осында қанаттанған арман құсым.
Ат жалын тартып мінген осы төбе,
Мен үшін секілді үлкен заңғар бір шың.
Көрсетіп қойдым балам ұмытпай жүр,
Шежіре саған келер таңдар үшін.





Пікір жазу