Алтын сырға
Талай-талай арманға қол артатын,
Қабыл болсын тілеуің Болат ақын.
Той ғой бүгін төріңде айғай салып,
Ақша қардай өлеңді борататын.
Ұстазсың ойлайтұғын бала қамын,
Білім бүгін қалаға, далаға мұң.
«Ақ жолыңнан» ой туар толғандырып,
Өлең болса өмірден қалағаның.
Ақын жаны не көріп, нені кешкен,
Сен білесің сезімге өліп өшкен.
Той-думаны болмаса мына тірлік,
Құлазиды жайлаудай елі көшкен,
Өлең қуып өтіппін елу бестен.
Жылжып жатқан не деген күндер еді,
Бар қызықты тауысып кім көреді.
Табанына біреудің кірген тікен,
Маңдайына біреудің гүл боп өнді.
Ойы озбаған жан деме бір басынан,
Талай тойда айтамыз сырласып əн.
Артық сана Зейнепқан өлеңімді,
Мың долларлық базардың сырғасынан.
Бəрі ғайып тірі адам тұрғысынан,
Менде жанып шөлмектей бір күн сынам.
Ішейікші тойғанша той шарабын,
Қосылды «ақ жол» қатарға бір мұсылман.
Ғұмыр қанша таптырса аял мұнда,
Ағайыннан барымды аярмын ба.
Келін түскен тойыңда жыр оқуды,
Үміт қылам сол жылы, сол айында.
Ақжолдың ақылы үлкен дана болсын,
Бабаның қадір тұтқан қара қосын.
Сен дегдар əке болып алдында оның,
Зейнепқан сəлиқалы ана болсын.
Алайын ақ жауындай төгіліп бір,
Тынбайды нүкте таппай көңіл үтір.
Көкпарын мына тойдың ап қашуға,
Тықыршып сезім атты көлігім тұр.