07.05.2022
  147


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Саясында мұңымның...

Сақ сынады не пайда мұңайғанмен,
Бекінгелі қай заман бұл ойға мен.
Жанға батқан мұңымның саясында,
Жүрегімнен теңіз боп құлайды өлең.
Жетеді ойым тілекке бастап əлі,
Күншілдердің күшігі тас қабады.
Мұң өтпеген басынан шикілердің,
Улағаны бақытқа масқаралы.
Бұйырғанын ащының жеп келемін,
Жеткен шығар сорымда шекке менің.
Көтеріліп қалмай ма сынған көңіл,
Қуанғанды мен неге жек көремін.
Жүгірістен тынғанша қан бойымда,
Меңдемеймін жұтсамда қандай уға.
Кісілігім шайылар татқанымның,
Дəмін сақтап қалмасам таңдайымда.
Болып едім шаш түсіп ойдан қасқа,
Тербетсе өмір бола ма ойланбасқа.
Саясында мұңымның қуаныш бар,
Не бітірем толқыған ойдан басқа.





Пікір жазу