07.05.2022
  119


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Адамдық екен

Ыстықтатқан, тоңдырған,
Жаз күні мен қыс екен.
Ашуың артық долырған,
Ақылдан бөлек іс екен.
Бəрінде жасау қолыңнан,
Көрген бір шырын түс екен.
Жақынның төккен мейірі,
Өзіне бола іс екен.
Сыйлау ғой бір сөз мейлі,
Сый білмес жандар мол екен.
Біреудің аппақ пейілі,
Біреуге қара мөр екен.
Күн шуақ шашқан шағыңда,
Қимайтын досың көп екен.
Қалмайды бірі жаныңда,
Түсетін кезде көлеңкең.
Бір күнің өмір көл екен,
Бір күнің тандыр шөл екен.
Адамның миы шатасып,
Білмейтін сырың көп екен.
Өмір-ай, сенің əу баста,
Кім ұққан қатал салтыңды.
Əр күнгі тірлік əр басқа,
Білмейсің алды-артыңды.
Тербетіп ойды қозғайтын,
Толғақты сезім əр түрлі.
Азбайтын, əмбе тозбайтын,
Адамдық екен тартымды.





Пікір жазу