07.05.2022
  127


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Ананың жанын аяла

Ат жалында əкең ол түз адамы,
Еңбегімен жаққан от қызарады.
Ақ сүт емген анаңның батасынан,
Қайда жүрсең арқаның ұзарады.
Жаратты анаң жаныңды, негізіңді,
Санап жүріп тоғыз ай, тоғыз күнді.
Төңкеріліп əніңе ұзақ түнде,
Кірпік қақпай тербеткен бесігіңді.
Шыққан алғаш апа деп тілің мына,
Онан артық жүгірген кім ығыңа.
Қабақ шытып көрмеген бала санап,
Ержеткенде кей артық қылығыңа.
Көзі түссе өңіңде жүдеуіңе,
Суық кірген ілезде жылы өңіне.
Кесіп өтсең алдынан сəл əспенсіп,
Шаншу тиген ежігей жүрегіне.
Балалығың алдында қайталанған,
Дүниеде барма ондай байтақ адам.
Тілегіңді жеткізген дəнекерлеп,
Əке алдында именіп айта алмаған.
Айтқанын ұқ өмірлік аманат қып,
Көтеріп бар төркінін аралатып.
Тал шыбықтай бойына сені сақтап,
Тас емшегін иіткен анаң артық.





Пікір жазу