Бақыт деген
Қалқам саған өлгенше деп кетемін,
Бақыт деген аянбай төккен терің.
Еңкеймейтін икемсіз еріншектің,
Білесің бе ғұмыры текке өтерін.
Менде өмірден өкінбей өтер едім,
Қалса есіңде жатталып отты өлеңім.
Əкең түскен шиырға соқпақ ізді,
Керек нудан жол тауып төтелеуің.
Талғамыңнан туады талап тұнық,
Үмітіңді құстай ұш қанат қылып.
Кейде келіп баянсыз бақыт қонса,
Еңбегіңнен көз жазба қарап тұрып.
Саған ыңғай көктемнің айын тілеп,
Болмайды əкең жаныңда дайым тірек.
Ұрлап алып адамның шекті өмірін,
Жыл өтеді балауса айың түгеп.
Танисыңба бойыңнан тұрмыс зорын,
Бір күн рақат болғанда бір күн сорың.
Бақыт емес бітірген оқуыңда,
Бақыт емес қолайлы жұмыс орның.
Келін болар ең зоры үйге біздің,
Бақыт емес күйініп сүйген қызың.
Арпалысқан толқындар арасында,
Бақыт деген жол түбі ирек ұзын.
Қиындарға тигізбе бастан ақ дес,
Ездің тірі жүргені мақтан емес.
Жақсылардың жанына жалшы боп қон,
Жамандардың жанынан аттана көш.
Шыққанға есек бір биік белге асыға,
Талай істер түседі ер басына.
Өлсеңдағы өр жаққа сүйреп жүріп,
Намысыңды біреуге берме сірə.
Күрес өзі тірлігің тыныш таппа,
Қанат қақпай шығады кім ұшпаққа.
Сызатыңды сынық деп жариялар,
Дұшпаныңа көңілдің мұңын шақпа.
Тұнық болсын көкірек арналы кең,
Тұрмыс сені сынайды əр бабымен.
Бақыт деген əркімнің жаны сүйіп,
Əлек болып жүргені арманымен.