07.05.2022
  384


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Үш жұртым

Үш жұртымның мен іздедім талайын,
Туысқандық сезім билеп ақ айдын.
Солар жақтан соғып тұрған самалдан,
Бір жұтқанда ашылады сарайым.
Ойлағанда сағынышқа бөлендім,
Керек болса борышына төлеммін.
Мен келді деп шұрқырасып жатқанда,
Көкке жетіп тұрғанын-ай төбемнің.
Арманымды, ойымды ашып аңсаған,
Қағатын ем жас баладай арсалаң.
Көрінеді өз бақытым секілді,
Солар жүрсе малы түгел басы аман.
Қадірімде, қымбатымда солармен,
Ортасында өрісті кең салам мен.
Дүниеде танысқанда солар тек,
Менің ішкі қатпарлы сай-саламмен.
Секілдіміз қатар өскен тал-қайың,
Арманымды арманыммен жалғаймын.
Арасынан алыс жүрген күндерде,
Жалтаңдағы тиянақсыз жандаймын.
Аңсап жүріп ақтарғанда бар сырды,
Ойдың шөлі, сезім шөлі басылды.
Жазатайым шауып жүріп жығылсам,
Солар сүйеп тұрғызады басымды.
Намысына сырқырайды сүйегім,
Үш жұртымды мен өлердей сүйемін.
Солардың ду арасына барғанда,
Үйіріліп балдай батып сіңемін.





Пікір жазу