07.05.2022
  108


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Мен

Жүру үшін мен қайық, өмір айдын,
Бір босаған винтімді он бұраймын.
Көрінеді айдыннан арғы жаға,
Сүт сəулесі кеудеме төгіп айдың.
Жылдамырақ жетуге асығамын,
Жүрегімде ынтыққан тасып ағын.
Ұшпасамда мен əйтеуір сағатына,
Қозы көш жер алдыға тасынамын.
Егіншідей баптаған көп жыл егін,
Жыр қамында жалықпай мен жүремін.
Қуып келем жалықпай қуып келем,
Бұлдыраған арманның көкжиегін.
Келтіре ме жуықтап ол ыңғайға,
Шуағы елес береді оның майда.
Сан жығылып сүрініп келем əйтеуір,
Кедергісіз, жаным-ау, өмір қайда.
Тұрмайды əйтеуір қолыма тізгіндетіп,
Жатыр тынбай түн өтіп, күндіз өтіп.
Қуған сайын жететін сияқтанам,
Талпынғанда бір бұзып, бір түзетіп.
Қарпуы жоқ əр неге бөзек келер,
Жасықтарды жалыққыш сөз етпеңдер.
Жүргенімен қатардан бір орын ап,
Не бітіріп береді боз өкпелер.
Көре жүріп жолдағы кедергіні,
Түсінгемін азырақ мен өмірді.
Жаныңды жеп жарысып жүрмегенде,
Бақыт шіркін жарылқап келер кімді.





Пікір жазу