07.05.2022
  144


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Біздің ту

Санамыз сəулесінен оянған ту,
Қанымен құрбандардың боялған ту.
Еркіндік, теңдік үшін керек оны,
Ұрпақтан ұрпаққа ерек баяндату.
Сөйлесе тарих сырын шежіре шал,
Сезімнің неше қабат көзін ашар.
Əйгілі жер үстіне жеңіс туын,
Сүймеген жүректердің өзі нашар.
Келмеске кеткені шын қара тұман,
Біздің ту нұр төккенде қанатынан.
Тамаша біздің өмір салтанатты,
Осы ұлы ту астында жаратылған.
Тараған терең жерге желісі кең,
Өзінің ұшан-теңіз жеңісімен.
Айғағы ол тар жол тайғақ кешулердің,
Бабалар маңдайының тері сіңген.
Туындар арман-тілек үміт əлі,
Ертеңнің осы туда ұлы таңы.
Шуағы түскен түгел төңірекке,
Оны адал жүрек қалай ұмытады.
Көңілді айықтырып бөтен кірден,
Көп ұғым қанатынан төте кірген.
Ұраны ол ар-намысы таза жанның,
Құрыштай миллион қолмен көтерілген.
Біздің ту бақыт туы биіктегі,
Танытқан күллі əлемге сүйікті елді.
Осы ту берекелі бейбіт күннің,
Мызғымас тиянағы сияқты енді.





Пікір жазу