07.05.2022
  120


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Қорқамын

Мүмкін бұл бақытты өткен өз күнімнен,
Ішінен талай елдің көзге ілінем.
Тұрмыста жайбарақат жүрсемдағы,
Қорқам мен уақыттың тездігінен.
Жыр жазсам сия ішкізіп қаламға көк,
Өзімше ой төтелеп салам өрнек.
Бір бетті толтырғанша абыржимын,
Жалғасын бітіре алмай қалам ба деп.
Бұл менің арманым ғой мəйек болған,
Күш кетпей қарманамын аяқ-қолдан.
Алмасам арпалысып өз есемді,
Мезгіл жоқ жан иесін аяп қалған.
Өмірге неге салдым қолқамды мен,
Қалмаса аяқ ізі қол табымен.
Еңсемді ерлерше ұстап жүргеніммен,
Мейірімсіз уақыттан қорқамын мен.





Пікір жазу