Мұнара
(Сабырбай Қауызбайұлына арнаймын)
Көтерісер жүгімнің ауырларын,
Бар ғой тағы ағалар, бауырларым.
Ойламаппын апыр-ай қапияда,
Иық сүйер өзіңдей тау құларын.
Қайдан қашан келері көрінбеген,
Осы екен ғой болжаусыз өлім деген.
Қайтіп қиып барасың келмес жерге,
Жүрегіміз бір еді бөлінбеген.
Қандай қырсық білмедім оралғанын,
Қалды-ау артта жетпекші мол арманың.
Санаушы едің көзіңнің қарашығы,
Бір тианақ жаныңа бола алмадым.
Шығарамын көп жылап қай мағана,
Сағыныш боп қал мəңгі қайран аға.
Өзің болмай үйіңе барғанымда,
Құлазырмын түскендей айдалаға.
Дараланып құрбыңмен, құрдасыңнан,
Көп өнеге көруші ем бір басыңнан.
Көңіліме түскен бір шуақ едің,
Күн нұрындай таңертең шыңға асылған.
Кім түсінген өзіңдей ерте мені,
Асып кетсем деуші едің еркеледі.
Еске түссе ақ еділ ықыласың,
От түскендей өзегім өртенеді.
Кеткенің бе бұл жерден құлап анық,
Соғылғандай бір тасқа қыран ағып.
Аяулы аға басына қабырыңның,
Осы өлеңді орнаттым мұнара қып.