07.05.2022
  79


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Не бетіммен

Ойланам батам ыңғай толғанысқа,
Ер салып қаракөк бір төл намысқа.
Шаршаған шалдыққаным кірмейді еске,
Түсіп ап жүргенімде қарманысқа.
Басымда ойларым жүр менің төмен,
Қарманып қам жасамай не бітірем.
Еліме, жеріме арнап бергенімнің,
Жеткізіп айта алмаймын кемін тілмен.
Ұмытпан дəуір сырын, дəуір сынын,
Жетілткен қанатымның қауырсынын.
Келтіріп жүрем ыңғай көз алдыма,
Бəріне төсі толған тау мүсінін.
Жүргенді жек көремін тұйықталып,
Ұшады қыран сезім биікке алып.
Көтеріп ауыр-ауыр арман жүгін,
Жүргенім жанға рақат иық талып.
Тербетіп құшағында абат далам,
Нық басам қадамымды əр аттаған.
Сертіне жетеме деп таныс ел-жұрт,
Келеді көз айырмай қарап маған.
Тұрғандай желік алып жел өтінен,
Жүрегім сыртқа жалын тебетін ең.
Ойпыр-ай ант деген анық ақтамасам,
Қарайып тірі жүрем не бетіммен.





Пікір жазу