07.05.2022
90
Жаратсаң...
Деп жүріп қай кетікке қаланамын,
Еркіме жыр жазуды қалап алдым.
Сол себеп сүйем маңғаз қасиетін,
Қажымай жүк көтерген қара нардың.
Арқау қып туған елдің ақ тілегін,
Қиялым көкке қанат қақты менің.
Келемін суыт жүрген жолаушыдай,
Жеткенде бірақ алам аттың ерін.
Шабытым кең өрісте соныр қалар,
Жылт етіп шырпы емеспін сөніп қалар.
Шынықтым ыстық-суық бастан өтіп,
Жырыма азық болған сол ықпал бар.
Туған ел сезім етіп селіңді алып,
Сетерлеп жырлай алсам сені қалық.
Жаратсаң жалғыз шуақ жазғанымнан,
Мен ақын ұл болғаным сенімі анық...