07.05.2022
  102


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Жылау

Өтіп жатса жыл артынан жыл ауып,
Баяны жоқ мезгіл-ай деп жыладық.
Дəт шыдай ма сыңар қалса ғашықтар,
Қызықтары жетпей жалғыз жылға анық.
Қапылыста батыр өлген молаға,
Есіл-ай деп жыламасқа бола ма.
Егілемін еске түссе ерке күн,
Еске түссе мейірімі мол ана.
Айту керек жасырмай-ақ қой шынды,
Бола алмайды өмір мейрам той сынды.
Жылағанда аяп кетіп жылаймын,
Түсінген соң арманшылды, ойшылды.
Десе мені бір алкеуде басынам,
Жаным қатты туған жердің тасынан.
Жылағанда дос алдында жылаппын,
Садаға кет жауым көздің жасынан.
Ұқпайтындар жылаудың не екенін,
Жатқа сатқан елін, ата мекенін.
Жылау деген тентек өзен сияқты,
Түсіне алад жан сезімі екенін.





Пікір жазу