07.05.2022
  98


Автор: Орынғазы Мәнбазарұлы

Болады екен...

Сөкпе қалқам жылағанды күрсініп,
Тұрса біреу көңілінен гүл сынып.
Жырғаудыңда түбінде бір жылауы,
Болады екен, көн күлкіде бір сұмдық.
Тату өтті деме ана жыл, ана айым,
Болады екен ұмытатын ағайын.
Болады екен булығар күн ызаға,
Өз балаңда ұқпай жүрек алауын.
Өңі түзу шапан кисең бүтіндеп,
Ұрлап алар жуып жайсаң бір түн кеп.
Болады екен сырты жылтыр көршіңде,
Бірақ іші жататұғын түтін боп.
Сыр шертісіп жүрген тəтті тіл қатып,
Жылағанда көзден жасты құрғатып.
Болады екен сол доста да қызғаныш,
Шыға келсең онан біттей қырға артық.
Болса алдыңда азда болса айыбың,
Кешіреді қай қарындас, қай інің.
Біттей таспа бермейтұғын сараң бар,
Бір оқыстан үзілгенде айылың.
Сұмдықтар көп қай біреуін санайын,
Бəрін сақтап келді көңіл сарайым.
Өтіп жатса сол ағаттық менен де,
Кек сақтама кешіре сал, ағайын.





Пікір жазу