Туған дала...
Шомылып шуағыңа бала күнім,
Көркіңнен ой-санама қаланды ұғым.
Еліктеп тасып аққан өзеніңе,
Сезімнің сенен алдым бал ағынын.
Қызықты өзіңде өтті көкөрім шақ,
Көкірек алқабыңнан кең өріс ап.
Ойларым орманыңдай желі тартқан,
Бұршағы қозы толған көген құсап.
Дос тауып құшағыңда ұл-қызыңнан,
Ентелеп бір құзыңа бір құзыңнан.
Жанымды жасқатырмай желпіндірген,
Түспеген сезімім жүр бір қызудан.
Тербетіп қысың дарқан, жазың дарқан,
Шаттықты жүрегіме жазып əр таң.
Шабыттың бұлтын жиған көңілге əкеп,
Тұратын ерке желің азынап паң.
Сейілдеп қыраттарда гүл ашылған,
Биікке құстарыңдай құлаш ұрғам.
Жүргендей тобылғылы төстеріңде,
Тауына үмітіңнің тұра шығам.
Жүрсемде қай қиырда қай себеппен,
Табаным тиянақ сен тайса беттен.
Отыңа, суыңада төзімді етіп,
Өзіңсің қажырлы да, қайсар еткен.
Өзіңде аға-бауыр туыс анық,
Көзінің қарайтындар нұрын салып.
Жыр жазсам арман барма туған дала,
Өзіңдей ұлан қайыр тыныс алып.