![](/uploads/shorttexts/author_image/2246ff7595acecf42edbd4f198b9ee00.png)
Анама
Үңілсем өр тұлғаңа ана сенің,
Алдыңда мен не деген аласа едім.
Жинап ап алыптардың бар еңбегін,
Артықпа саған жазсам бар есебін.
Қойныңда тоңдыруға қыс батпаған,
Тұрмыста бере алмаған қыспақ маған.
Ұям сен мені сұңқар таста басқан,
Айналып түлегіңмін үштақ таған.
Жаныңның сырын солай түйіп келем,
Сенімен зеңгір көкке тиіп төбем.
Емізген ең алғашқы уызыңдай,
Тамылжып таңдайыма ұйыпты өлең.
Балаймын көңіліңе көктемені,
Талпынттың айды нұсқап көкке мені.
Бесіктен белім шығып ержеткенше,
Өмірден сен оқыттың көп темені.
Құйып ең ой тұнығын санама сан,
Кеш ана керегіңе жарамасам.
Шілде тер сенен аққан төленер ме,
Арқалап жер белдеуін араласам.
Опырып омыртқаңды тапқаныңда,
Тамшысын ақ сүтіңнің ақтадым ба?
Кетемін бірге еркелеп немереңмен,
Шашымның қарамастан ақ талына.
Не деген ақ тілек, пəк көңілді едің,
Шөлдесем өзің айдын көлім менің.
Шегінен еркеліктің кетсемде асып,
Кірбеңдік сенен қашан көріп едім.
Уа, менің тиянағым, аяулы анам,
Жанымды жақсылықпен бояулаған.
Жастық қып елжіреген жүрегіңді,
Əр талын кірпігіңнің саялаған.
Құлыным деуші ең бақыт таба бер сен,
Қуандың жанарымнан алау көрсең.
Аядай сенің алтын құрсағыңнан,
Қақ жарып шыққан мешкей бала емеспе ем.
Анашым жасық емен қасаңдаған,
Жаныңнан жыр көшірем жасаңдаған.
Қарғасаң омырауыңды көкке сауып,
Дəмінен ақ сүтіңнің асарма адам.