Быйяәнгу
Быйяəнгу дарқан сағаң құнықтырып,
Баурайды жанды өзіне қызықтырып.
Табиғат арнап саған бар бояуын,
Салыпты сұлу сурет сызып тұрып.
Ағады мөлдір суың тас жастанып,
Біткенбе қуанышты жастан тамып.
Аңсап кеп аңғарыңа алсындаған,
Боламыз суыңды ішіп жатсақ қарық.
Сұлудай еркелеген құз бұлағы,
Сылқым су сылқ-сылқ күліп сызылады.
Сол дара əсемдікті саған біткен,
Бере алмай жүрмін əттең сызып əлі.
Туыппын таң алдында көктеменің,
«Қашалы» бауырында көктөбенің.
Шайқаған жұмыртқадан ыстық ұя,
Мойнымда жүр өтелмей көп төлемің.
Күндерден көшпелі ғой бақ баяғы,
Біреудің тайып ыңғай жатты аяғы.
Быйяəнгү сенің сұрша тастарыңда,
Əкемнің сынған талай ақ таяғы.
Із қалған отауланып шешемнен де,
Көтеріп мені ойнатқан неше белге.
Өзіңдей жерде туып өсу деген,
Жазылған бақыт менің пешенеме.
Көремін көрмеңдегі көп суреттен,
Телегей-теңіз заман көшіп өткен.
Мен үшін жерұйық жоқ артылатын,
Шаңына аунап өскен осы беттен.
Көрмеген бейіш сенің бау-бағыңды,
Не қылам, сүйем туған аумағыңды.
Жөп-жөнкі тіршілікті менсіне ме?
Жамылып өскен адам ну қалыңды.
Жаныма тазалық ап мөлдіріңнен,
Еркелеп еркін өскен мен бір ұл ем.
Іздейтін онан артық арманым не?
Жыр жазсам нөсеріңдей төгіп үнем.
Сыр жатыр қойнауыңда қамбасымен,
Қасиетің қалпын бұзбай қанға сіңген.
Быйяəнгү сөйлеші бір атам құсап,
Мекен боп қай заманнан жалғасып ең.
Барасың ыстық тартып тіпті маған,
Арқама жартасыңдай жүктіде адам.
Егісің дəн құяды еміреніп,
Бауырың құт төрт түлік мал шұрқыраған.
Шыққанда сергіп кетем сені айналып,
Сар саумал самал жұтып, мерей қанып.
Таппаймын сыршыл бұлақ теңеуіңді,
Жағаңда ары ойланып, бері ойланып.
Домаланып кеткенімше жер бетінен,
Өзіңде алтын бесік тербетілем.
Болады бəрі қабыл тілегімнің,
Бір тамшы бояу қонса келбетіңнен.