06.05.2022
137
Тау заңы
Бабалар өткен
заңдарын
кітапқа жазып қалдырмай,
қаныма сіңген арман-үн,
далаға сіңген жаңбырдай.
Құрта алмай заңын қай күш те,
тау елін сүйген Күн, аспан.
Біреуге қайғы – жай түссе,
ел болып бірге жыласқан.
Жазбаған заң бар тауларда,
қайғы ортақ мұнда, той да ортақ.
Арына тиген жауларға
қайтатын бірге ойран сап.
Жау келсе, тауды мұз құрсап,
тұрмайды бұлттай түнермей.
Дос келсе – жаны жұп-жұмсақ
жайылған мақпал кілемдей.
Таулы елде сондай заңдар бар
жазылмай жеткен біздерге.
Томда деп ойлап қалмаңдар –
ол заңдар суда, құм, жерде.
Жеңе алмай уақыт, шаң, бүлік,
өлмейтін сондай заңды ұқтым.
Ол заңдар жасар мəңгілік
қанында əрбір таулықтың!