Ұлыма
Жақсы оқып, шаттанғаннан, жасқа жанар.
толардай қуантпадың, балам, əлі.
Күлімдеп арт жағымнан басқа аналар
қызыға маған ешбір қарамады.
Қарт əжең күңкілдейді – ашынды анық:
«Күнімен доп қуғызып... бір ұлыңды...»
Көрші əйел есік қақты ашуланып,
шамасы, айтар сенің қылығыңды.
Рас, сен əжең сырқат жатқанында
кетпейсің ойыныңа тағы басып.
Қиналып, күйзелген бір шақтарымда
байқап қап отырасың жаның ашып.
Тəттіңді қарамастан ақ, қарасын
Бере сап тұрасың бір жолдасыңа.
Балаға таяқ жеген жақ боласың,
ұқсатам сонда сені қолбасына.
Жаныңа үңілемін сонда сенің
(не болам сенен үміт сөнсе, күнім).
Анаңа ол да бақыт, сол да сенім –
бір сəуле жүрегіңнен көрсе бүгін.
Көрдім де сол сəулені, түңілмедім,
адалдық күтсін сенен түбінде елің.
Нұр шашсын десең күңгірт іңірлерім,
даңқың да, талантың да болмас. Мейлі.
Əйтеуір Адам болғын, ұлым менің!
* * *
Қартаюдан қорықпаймын.
Қорқатыным – əлем тіршілігіне,
шаттығына, бақытына, сосын күрсінуіне
алаңдамай, керең жан боп қалудан тек қорқамын.
Өзімді-өзім құдай көріп –
бар адамды бір өзімдей көрсем мен,
бар өмірді тек өзімнің тірлігіммен өлшеуден,
қартайғанда солай естен танудан тек қорқамын.
Күншуаққа қыздырынған
шалдарменен күйкі-шүйкі, уақ-түйекті сөз қылып,
пенсиямды мақтан етіп, əңгімені қоздырып,
далаңдаған бір кемпір боп қалам ба деп қорқамын.
Табанымның астындағы нəрседен
өзге жақты көре алмасам, ұқпасам,
ойыммен де үй сыртынан алыс ұзап шықпасам,
түк сезбейтін көп топастың бірі болып алам ба
деп қорқамын.
Мен өлімнен корықпаймын.
Жаныма ылғи нұр берген,
жылытқызған, табыстырған талай тəтті түндермен,
жырларымның рақатын сезінбеуден қорқамын...
өзгелерге жаным ашып езілмеуден қорқамын.
* * *
Тағдыр маған аямай берді бəрін,
тек махаббат бақытын сыйламады;
шырқасын деп тынбастан елдің əнін,
қайғыны да сезсін деп қинағаны.
Жете алмаған арманның жалынымен
алауласын, тұралап қалмасын деп,
мұңды, шатты жырлардың ағынымен
біреулердің үмітін жалғасын деп;
соғатынын білсін деп дауылдың да,
найзағайдан жас терек құлайтынын,
азап көрсін, батсын деп ауыр мұңға,
басқаның да сезсін деп жылайтынын.
Бұл өмірден жасқанбай алсын бəрін,
өзі сыйлап жан үнін басқаларға.
Бақыттының, мұңдының бар сырларын
ұға білсін, жүрсін деп бастап алға.
Қайғысына жаттың да жылай білсін,
күйіп-жанып көрсін деп жанталасып.
Шырқай білсін биікке, құлай білсін,
отырмасын деп пешке арқа басып.
Келмей жүрген қолынан талай ердің
асқақ, мұңды əуеннен танбасын деп.
Жүрек оты Жердегі бар əйелдің
менің ғана жырымда лауласын деп.
Туған жердің өлмейтін мұраларын
(бабалардың ғасырлап жинағаны)
толықтырсын жырымен бұла, жалын
деп махаббат бақытын сыйламады.