06.05.2022
  201


Автор: Фариза Оңғарсынова

Отанға деген махаббат

Өлшемі жоқ ана махаббатының,
пір тұтпайды жұрт бекерге – ол киелі.
Аюлар да (ой-санадан мақұрым)
ақымақтау балаларын сүйеді.
Екі жүрек бір-біріне сенімін
өшіргенде, сөнгендей ғой бар шырақ.
Көгершін де жоғалтқанда серігін
отырады көзден жасы тамшылап.
Бірақ, бірақ бір махаббат болады,
ол адамның еркінен тыс күш мүлде:
елге деген махаббатың жоғары
тұрады ылғи бар сезімнің үстінде.
Ол ешқашан жалған емес, түсінем,
елін сүю жадыратар көңілді.
Бүкіл адам сол сезімнің күшімен
өлтірмей жүр жердегі бар өмірді.





Пікір жазу