Таңғұттарға қарсы күрес жырлары
Таңғұт жау тиді айлалы,
Қатұнсін
тісін қайрады,
жайратпай жауын таймады,
бауыздап жанын қинады.
Тұрмады бектер алдасып,
жекпе-жек шықты арбасып,
қылыштың жүзін қан басып,
қынабына қайта сыймады.
Домалап жаудың бастары,
иықтан түсіп қашқаны,
əлсіреп дұшпан сасқаны,
қылыштар қанға малынды.
Қатұнсін бегін алдағы
Таңғұттың ханы алдады,
ел-жұрты оны қарғады,
ажалға сосын бағынды.
Жауына бегім тістенді,
кірісті жаңа іске енді,
тəңірім оған күш берді,
жайнатты жүзін таңғы нұр.
Таңғұттың сансыз əскерін
түсірді қолға хас бегім!
Таба алмай дұшпан басқа ебін,
көзінен ұшты əн-ғұмыр.
Тұтқындап жаудың қалғанын,
шыңғыртып қақты шаңдарын.
Рахымы түсіп алланың,
бегімнің бағы жанды бір.
Əскерін бектің көргенде,
тасындай жайдың төнгенде,
Таңғұттар сасып сол демде
қонағы болды ажалдың.
Бек көрді жаудың шөккенін,
қансырап азап шеккенін.
Олжаға батып бектерім,
алыбын қырды тажалдың.
Тəлкектеп жаудың тағдырын,
келеке қылды зар-мұңын.
Адамын, атын, бар жүгін
олжалап алды сан жұрттар.
Дүшпандар қалды абдырап,
бұғауға түсіп зар жылап.
Бастары төмен салбырап,
иілді менмен таңғұттар.
Қол жиып өрге самғаттым,
садақты шіреп жауға аттым,
ұрыста бəрін аунаттым,
ақылдан дұшпан адасты.
Арғымақ атым зырлады,
зымырап аттап жылғаны.
Қара бұлт көкті былғады,
төгілді бұршақ аспаннан.
Жайлы екен түнгі шалғын маң!
Тұрып ем түнде, қаңғырған
бөріні көрдім – алдымнан
жөнеді қарғып тастардан.
Атыма қамшы бастым да,
ұмтылдым сонда қасқырға.
Титықтап, корқау, састың ба,
тигенде ажал тырнағы!
Бас салып итім, мұзбалақ
қасқырды жатты жұлмалап,
жығылды қорқау құм жалап,
орнынан енді тұрмады.
Қараңғы түнді қуғым кеп,
бетімді нұрға жуғым кеп
мен тұрдым.
Уақыт жүр-жүрлеп
əкелді менің күнімді.
Əрі астым шыңнан, қыраттан.
Қарайған көрдім жырақтан:
қылышын алып қынаптан,
шаңдатып жаулар келеді.
Қаласам, жауды шабар ем,
əскерін қойдай қамар ем,
қылышпен басын қағар ем,
жалынып бірақ бас ұрды.
Зəресін алып айбыным,
құрбан қып мүлкін, байлығын,
жау шекті зарын қайғының,
«Жанымды қи!» – деп шошыды-ай.
Аяғыма келіп жығылды,
сұрады жалғыз ғұмырды,
ұяттан өліп бүгілді.
тоқтатты мені осылай.
Қайғыға жауды батырдым,
кешірдім ісін жат ұлдың,
ұятыңды жу деп ақырдым.
Шешті өзі сонда теңдерін