06.05.2022
  159


Автор: Фариза Оңғарсынова

Менің халқым

Қашқын ба, қарақшы ма кемедегі,
əлсіз бе қозғай алмас тегенені,
«Мен ұлттық батырмын!» – деп шықса біреу,
соңынан жапырласып ел ереді.
Сырт қалып елдің қамын жеген ері,
жылпостың биік ұшар жебелері.
Шын батыр «батырмын» деп айтпайтынын
бұл халық біле тұра неге ереді?
Иісінен бас айналар қолаңсаның,
су болып көз арбайды тозаң, сағым.
«Батыры» өзін танытқанда ғана
байғұс ел бармақ тістеп, соғар санын.
Сөйлесе, жоқтай оған бөгет-белің,
ел-жұртты жіберердей жебеп керім.
Ол өзін өзі əшкере еткенше, жұрт
қаумалап соңына ерер жезөкшенің.
Зулайды мың құбылып құмай-жалған,
əзірше құбылыссыз Күн, Ай қалған.
Халқым-ай, қанша ғасыр жапа шектің
қолыңнан жасап алған құдайлардан!?
Ел өсер, деуші ем, жетсе кек шыңдалып,
келеміз əлі үлестен тек құр қалып.
Шекесін тауға-тасқа жарғанынша,
ес жимай өтеді екен ессіз халық.





Пікір жазу