06.05.2022
117
Іңір
Іңір түсіп, қас қарайды,
күнбағыс-қыз шаш тарайды.
Шығарып тұр шашу шашып,
серуенге аспан Айды.
Жүзін көріп айнадағы
көлге үңіліп Ай қарады.
Бақа шулап
бастарына
көтереді айналаны.
Қарауытып майда қырат,
бұлақ кетті сайға құлап.
Жылқы алыста кісінейді,
үй маңында қой маңырап.
* * *
Нөсер өтті селдетіп,
тай тақырға қақ тұрды.
Бұлақ-бала ержетіп,
таудан тасты лақтырды.
Сəмбіталдың көйлегі
салбырайды су болып.
Тіл бітіп көл сөйлейді,
үйрек ұшып, қу қонып.
Қайың шықты баладай
ақ балтырын түрініп.
Көк күмбезге табадай
Ай қалыпты ілініп.
Жел де қашты жағадан,
алды-артына қарамай.
Түнереді дала. Маң
құлаққа ұрған танадай.