06.05.2022
  126


Автор: Фариза Оңғарсынова

Шаттану

Сай-саладан шаттық пен күлкі ағылып,
Сыңғыр қағып бұлақтар, қырқа жібіп,
«Қыстың сызы қалмаған жазғытұрым»
келді, міне, бізге де гүл тағынып.
Жайнады аспан көзіндей келіншектің
көкірегін қымтаған бұлт арылып,
қыз-көңілде əуендей шырқады үміт.
Шаршаулы едім, келдің бе, нұр көктемім!
Гүл-шарқатқа орадың қыр бөктерін.
Шуағыңа
анамның көңіліндей
малынғанда қиялым жүрдек менің.
Көктеменің арайлы таңы атқанда
көрдім талай жанардан мұң кеткенін,
көңілдерді қайта бір гүлдеткенін.
Ағытқандай кеудеден жыр бұлағын,
шалқып-тасып шаттықтан тұрды жаным.
Жүр даланы еңбекпен дүбірлетіп
ақ білегін сыбанған құрбыларым.
Міне, менің елімнің арулары
көмейінен төгетін бұлбұл əнін!
Шаттық шуақ тарайды бүгін менен,
қызыққан жат қарайды дірілменен.
Ақ жаулықты əжелер барады əне
немересін жетелеп күлімдеген.
Жел өтінде – қазақтың кең даласы,
сен не деген көнбіс ең, ғұмырлы ел ең –
талай қиқу көрсе де түңілмеген.
Ана көңіл ақ пейіл дала-мұрам
үміт-ұшқын шашырап жанарынан...
Бабалардың айбынды дүбіріндей
ұрпақ əлі əлемге салады ұран...
Көңілдер де шарықтап шар-тарапқа,
қияларға самғады бала қыран.
Буындары бусанып кəрі жердің,
анасына күлімдеп қарады ұлан...
... Кернер ме екен əлемді жаңа бір əн?..
* * *
Жақсының елемейміз жақсылығын,
жөн білер саналыға тапшы күнім.
Оясыз сөзді ұқпайтын жаңалықты
ұлы Абай Колумбыдай ашты бұрын.
Сонда да ішкі дертім запыран боп,
көмейден шыға береді ащы жырым.
Жетпей-ақ қойсын жырым тақ маңына
(батқым жоқ тақ маңының батпағына),
тақсырлар келер, кетер.
Мен сенемін
сөзімді жадында елім сақтарына.
Адамнан ұят көшкен бұл заманда
сол жалғыз сенім-сəуле дəт жаныма.
Қаншама жаттатсаң да Құранды оған,
сезімсіз «əлхамды» да ұға алмаған.
Адамзат жер бетінде күн кешкелі
ойлы мен ойсыздардан тұрар қоғам.
Пенденің бар ғұмыры – карта ойыны,
саналы биікке бір шығар ма адам?
* * *
Көре алмай, іші күйіп жар сабаған
тыржиып жақтырмасын барша жаман.
Ал менің намысымды сырттай жыртып,
жүретін жақсы көріп қаншама адам!
Шалдықпай шырқасын деп əн-шағалам
сипайтын маңдайымнан қаншама ағам!
Саны жоқ аға, жеңгем, қатерлерден
жылайтын, қуанатын қалсам аман.
Жаныма қуат беріп соның бəрі,
шатқалды шыңдарды алдым жолымдағы.
Сол тілек қорғалап жүр жүрегімді,
əйтпесе қанша жарға соғылмады.
Оларсыз қалар ем мен қанаттанбай,
жарқылдап жүрегімнен əн ақтармай.
Еске алып ел сезімін, кейде отырам
биіктеп, көкірегімде таң атқандай.
Халқымсыз тілегімді кім тілерін
білмеймін, сөз таба алмай іркілемін.
Ол жалғыз мені туған ауыл емес,
ол мынау қазақ атты жұртым, елім.
Сағынып алыс кетсем бұлты, желін,
шықтарды шара көзге іркіп едім.
Кіміме сүйенер ем болмаса егер
ел деген алтын діңгек бір тірегім!
* * *
Есті боп жүргенде есер, мақұлдар да,
өзінен жұртқа ауысар ақыл бар ма.
Адамдар – есерің бар, мақұлың бар,
немкетті қарамаңдар ақындарға!
Басады аршымасаң тасты құмдар,
ескергін боксшың бар, бастығың бар –
ақынның бірегейі, ортасы ма –
бəрінде тəтті мұң бар, ащы мұң бар.
Мұң барда – көрегендік, ақыл да бар,
ой да бар даналықпен жақын қонар,
бірлік бар, бірлік барда халқың да бар,
тілің бар, тілің барда затың қалар.
Жаттап ал, жырларының білме бəрін,
тек жанын жаралама, кірлеме əрін.
Ақынның жаманы да
тірі жүрсе
сатпайды еш уақытта тіл мен əнін!
Бөріні тоқтыңды алған тақымдадың,
менің де бір тоқтыға татыр мəнім.
«Өлмесе, өрем қапсын!» – дейтұғындай,
адамзат, сансыз емес ақындарың!
Қару ап, жүрмесе де қол басқарып,
шығады ол қалың жаудан жолдасты алып.
Елі үшін елден бұрын аласұрған
ақынын аласартар болмас халық!
* * *
Табиғат – дала
бір сəт
анашым, саған ұсап
күрсінеді,
солады,
бүр атады,
тіршілікті жалғайды ана – құрсақ.
Кейде мұңды,
кейде шат өң-іреңі,
қабырғасы,
күрсінсе,
сөгілері,
əр құбылыс,
əр сəті,
бар болмысы
менің ұлы анам боп көрінеді.
* * *
Маужырап бақтар қарайды
ақ төсек – ақ мамық қардан,
еске сап шақтарды арайлы
кеудеңде жатталып қалған.
Тағдырлас, ғұмырлас əрі
түндермен бар сынақтары,
тіл қатпай жымыңдасады
қаланың сан шырақтары.
Түнгі оттар тау, жер, өңірге
қарайды ашық ұрланбай,
терезе сəулелерінде
сан тағдыр жасырынғандай.
Шалқиды бақтарда бір үн
өзгеріп өңі күздегі.
Сəби жүз ақ қарға бүгін
түсті алғаш өмір іздері.
* * *
Жолаушыдай тым суыт
көктем өтіп, жаз да ауды.
Сүмбіледе су суып,
қарашада қар жауды.
Қазан биыл қақады,
қара суық, өкпек жел.
Қаңтар келсе, жатады
қарға оранып көк пен жер.
Сəуір туа жайланып
тəуір күндер басталар.
Жыламсырап сайға ағып,
жылыстайды ақша қар.
* * *
Шуағын төгіп күн шығып,
қанатын жайды гүл шыбық.
Келеді көктеп даланың
құрсағын жарған тіршілік.
Үрпіне Жердің сүт толып,
жүзіне мөлдір шық қонып,
тереңнен алған тынысы
қалқиды мақта бұлт болып.
Еркелеп, сүйіп аймалай
құшады қырды, сайды арай.
Жыңғылды сайдың баурайы
жап-жасыл жұмсақ жаймадай.
Тұрмайсың бей-жай, таң қалмай
тірлік жоқ жатқан жанданбай,
керемет сезім, кең құшақ
адамнан Жерге ауғандай.
Тіл бітіп тілсіз құмға да,
бусанып, бүрлеп тұр дала.
Бошалап кеткен боз інген
боталап жатыр жылғада.
* * *
Мəңгі шар шыжғырады,
көздейді сор даланы.
Таппайсың сыз – жыраны,
жансыздай шөл жамалы.
Кең дала – тас керең де,
көк аспан от кекілді –
бұлардан басқа əлемде
құдірет жоқ секілді.
Жортасың «Волгаменен»,
шыңырау құдықты іздеп.
Шөл қысып, сонда денең
көңілден үмітті үзбек.
«Су!» – дейсің жан-жағыңа,
аңсауың бір арылмай,
қол жетпес арманыңа
басылмас құмарыңдай.
Жатқандай мүлгіп тəні
қурай саз, күйші дала.
Жалғыз-ақ тірлік нəрі –
жусанның иісі ғана!
* * *
Іңір. Дала.
Жұмылып
ыстық күннің жанары,
көкжиекке тығылып,
нұр кірпігін қамады.
Сыбырлайды көк қияқ,
сүйіп қырдың самалы.
Сатырлаған от тұяқ
дүбірлетті даланы.
Жылқы үрікті белдегі,
тағыланған ел көрмей.
Ертегінің ерлері
ел қорғауға келгендей.
Қырға шығып қарт сонда,
əдетіндей талайғы,
жылқы қуған жастарға,
масаттана қарайды.
Жайбарақат құмда əлі,
жампоз кəрі, жастар да.
Жылқылы үйдің қырдағы
түтіні тұр аспанда!
* * *
Тақырды таптап тандыр күн,
жатқанда шөлі бір қанбай,
тас емшек болған тағдырдың,
тамшы суы да тұр тамбай.
Денесі мəңгі шөлдерден
шатынап кеткен шарт сынып.
Таусылмас тылсым көргенмен,
табиғатта да – тапшылық.
Теңіздер – жердің жанары,
тірлікке біткен бақ, мұрат,
толқындар кетіп барады
шөлдерге қарай шапқылап.
Толқынның жасыл жастығын
сыйлауға шаңдақ көн жерге
кеудесін сорған ащы күн
тақырға толқын төнгенде,
жағалай-жартас бас салды,
желкесін жерге қаптырып.
Төзімнен тозған тастарды
қорғасын толқын жатты ұрып.
* * *
Қарсыз дала. Ызғырық.
Қара суық. Қатқақ жер.
Жүргізбейді түзде ұлып
маңдайыңнан жасқап жел.
Таяу қыста жұт бар ма –
қасқырлардан түршігем.
Көшіп-қонып бұлттар да,
аспанда да бір сүрең.
Суық сорып, жақ солған...
Қиял – жазғы бір күнің.
Сүр иісіне мас болған
түске енеді тірлігің.
Екі аттылы. Отар. Мал.
Əңгіме тек қыс жайлы.
Сең-сең тонды шопандар
бабаларына ұқсайды.
Шопан халқы мықты əлі,
бұдан асқан батыл кім?!
Мұздақ қатқан мұрттары
найзасындай батырдың!
* * *
Ағаштардан əр тайып
сидаң тартқан жағалай.
Күні жетпей қартайып
күйік көрген анадай.
Құстар сайрап салмайды əн,
көктем нұрын сезінбей.
Жапырақтар сарғайған
жылдар жуған сезімдей.
Жерден озған сəн, шырай,
жел үстемдік құрады,
қасқыр алған аңшыдай
желпілдейді тұмағы.
Аспанда да жоқ тыным:
бұлт – тасқындар тоғысып,
түгескендей оттығын
оқ-қарусыз соғысып.
Бұлт аспанда, жел жерде,
күз. Ызғырық тұр ұлып.
Алдырмайтын сеңдерге
тек біздегі жылылық.
* * *
Құлазып жатыр құм дала,
құба жондардан көш өтпей.
Жусаны солған жылға да
қызуы кеткен төсектей.
Қаздар да қайтты шет жерге
көлдерге қонбай жазы ұшқан.
Қош-қошын айтып бөктерге
қанатын бұлғап алыстан.
Төсінде гүл де жоқ бүгін
даланы басқан қыш қайғы.
Өткізген барлық от күнін
баласыз əйелге ұқсайды.
Гүріл жоқ, үн жоқ, даланың
асфальты да жоқ шарлаған.
Шолады көкті жанарың
тыныштық-ау деп бар ғалам.
Талықсып кенет тарады үн
маужырап тұрған шақты үзіп,
көгілдір көктің ажарын
тілгілеп өтті ақ сызық...
* * *
Даланы жалғыз жайланып,
шымылдық құрып жатты түн.
Киіз үй. Көгал. Ай жарық.
Бағандай биік ақ түтін.
Өрлейді көкке жай ғана,
леп жоқ – сирек тыныш шақ.
Ұйқыға бөккен айнала,
табиғат жатыр тыныстап.
Қараңғы құшып жасыл маң,
тентек жел кеткен түңіліп.
Боз жусан – жұпар шашылған.
Көңілде – көктем бір үміт.
Ару Ай кербез, гүл ірең,
сүйкімді сұлу жас қылық,
жұлдыздарды да нұрымен
бір сəтке сəуле шаштырып,
барады көкте шат түрмен,
аспанды дара басқарып.
Көз ілмей Жерде жаттым мен
жусанды жалғыз жастанып.
* * *
Сəуірдегі шуақ-ай,
сағымы ойнап, күн күлер.
Көзі жанып шырадай
шырт ұйқыдан тұрды Жер.
Сары даланың сəні ме
тыржалаңаш құба шың –
төңіректің бəріне
еміреніп тұрасың.
Таудан, талдан, тақырдан,
естіледі күй түрлі.
Өзін-өзі шақырған
көкектер де сүйкімді.
Шың қойнауы – тұнба сыр:
іші – шуақ, сырты – жел;
үңілсе де бір ғасыр,
ұға алмайды құлқын ел.
Шуақ – жанға шашу да,
барлық əуен нəр үндей.
Өмірің де басында
үмітке бай сəуірдей.





Пікір жазу