Жаңа жылға тілек
Ұршықтай уақыт дөңгелеп
жеткізді тағы бір таңға.
«Қош келдің, Жылым, төрле!» – деп,
үмітпен қарар жұрт алға,
сенімдерін артып сұлтанға.
Салауат тілеп жас жылға,
кəрі мен жасым тұр бүгін.
Шаңырақ – күмбез астында
берекелі болғай тірлігім,
тегеурінді болғай тізгінім.
Қара бұлттарды айдасын
туымдай көркем аспаным.
Аталы сөзден таймасын,
қарттарым – шежіре-дастаным,
парасатты болғай жастарым.
Жанына нəр боп үміт-бал,
жарқылдап жүрсін қыз-келін.
Кішіпейіл болсын ұлықтар,
нұр бассын жүрек-жүздерін –
бір жасар сонда ізгі елім.
Шапағатыңды, жылым, ел көрсін,
арманыма арды жани бер!
Ақ бесіктерде тербелсін
адал сүт емген сəбилер!
* * *
Жүргенім-ай
ештеңені, ешкімді сағына алмай
(сағынышсыз тірліктің мəні қандай?!).
Жүрегімде жараның табы бардай.
Қайда кеткен көңілдің бұлаң шағы
бір құласа құлайтын жаны қалмай?
Енді бүгін құба жон, құла түзде
иесіз қалған үйдеймін шамы жанбай.
Өліп-өшкен əйелін, еркектерін
(сезе тұра сезімін, селт етпедім)
жақсы көргім келіп-ақ шын ниетпен
жанұшырып, жүректі жентектедім.
Кешпегендей сергелдең күйді бастан
(қалай сонау күндерден мен шеттедім?)
елемеймін сезімін, шен-шекпенін.
Тірлігімде
талай сөндім, қайтадан тағы атылдым,
тылсым-нəрін тамсадым қара түннің.
Күлге айналар сəтімде ұшқындатты
менің сансыз жанашыр аға, құрбым,
сол ниеттен қуат ап таң атырдым.
Күйіп-жанып күй кештім, тұрғандай-ақ
қақ үстінде қалтылдақ қара қылдың.
Сонда маған, сағыныш, ара тұрдың.
Енді неге мына мен салқын, сұрғылт
бір əлемге айналып баратырмын?
* * *
Жылап жатам, төсектен тұрам жылап.
Жеңілдік жоқ жаныма мұнан бірақ.
Ақыл-шыңға əл бермей,
жайлау-жанға
шапқылайды құлдырап құмар-бұлақ.
Ал жайлауым көрсетіп қарасын жай,
жеткізбейді қазақтың даласындай.
Көңіл-құнан қаншама құйғытқанмен,
болмас шыдам-жарауды таң асырмай.
Таң асырмай болмайды атбегідей,
көлеңкеде көңіл-мұз қатты, ерімей,
жылынатын шуақ аз жастықтағы
жүргеніңде тауға өрлеп, бақ кемімей.
Жылдан жылға тайғақтап сын шатқалы,
əнтек бассаң – құздары бұлтартпады:
бір кез бабам жіберген қателіктің
тақсіретін тартуда ұрпақтары.
Жүрек отым шарпылды мұздар соғып,
гүл-сезімім солыпты ызғар сорып.
Бара жатқан секілді қан тамырым
шөлейттегі сортаңды тұздай солып.
Жүрем кейде жауынсыз жердей жүдеп,
түңілуден ешкімге сенбей жүрек.
Сенетінім –
түбінде ақыл-дана
қиындықты терідей шелдейді іреп!