06.05.2022
  119


Автор: Фариза Оңғарсынова

Қайғы

Біле алмай қайдан шығар күн
қара жүр – арақ ішкені.
Ат мінген саясатшылардың
аударыспақ ойнау – істері.
Дананың күйі – таныс жай,
кім іздер батса жылымға,
тұтқынға түскен барыстай
тышқандар патшалығында.
Ел басқарады есерің,
қазанның басы – баққаны.
Тілсіз қалғаны шешенің
жанына ешкімнің батпады.
Талтаңдап жаттар жеріңде
сорады сəніңді ақырын.
Жан қалмай барады сенуге –
жатыңнан жаман жақының.
Баяғыдай тұрар қасқайып
қарияда қауқар жоқ бүгін.
Жалтақтап серттен жас тайып,
ойлайды қарынның тоқтығын.
Тамыры қылдай жұқарып,
үйлесім кеткен жерінен,
бастары айналған мұқалып
жандарды көріп, егілем





Пікір жазу