06.05.2022
149
Тақ маңы
Бұл заманда билікті бақ деп білер,
шын бақыттың тұғыры тақ деп білер.
Айналасы жарамсақ тəуелділер,
ақ машина ат болар баптап мінер.
Тыныш əлем – тақ маңы – мақсатты жер,
еңселі емен есіктен асқақ кірер.
Тақ сөйлесе, иіліп,
тақ езуін
тарта қалса, бұл байғұс сақ-сақ күлер.
Бақ-дəулеттің сорпасы майлы келер,
қуаты мол Күн менен Айды бөгер.
Көзі шелді, жайы жоқ өзгелердің
басындағы қасірет-қайғыны елер.
Кіруге асық басшыға жарықтық ел,
бəрі иіліп қабағын бағып кірер.
Май жүректе лүпіл жоқ – кімнің адал,
кімнің арам екенін танып білер.
Биліктіде дос та көп, айран да көп,
соңын ойлап үңілмес жайларға көп.
Кісілігін, кімнің кім екенін де
біледі адам бастан бақ тайғанда тек.