06.05.2022
  130


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жұт

Есігім алды көкорай шалғын еді,
таза ауамен тазартар таңғы лебі.
Атамыздың көзіндей аула-қора,
айран, қымыз – жүдеген жанның емі.
Қозы қарын қарбыз бен қауын, бағым,
қаны-қарық болатын ауыл, маңым.
Бар мүлікті сатты да көрінгенге
быт-шыт қылды бір күнде бауырларым.
Босағасы бұзылды үйімнің де,
түйе кетті біреуде, сиыр кімде,
«Бұларың не?» – дегенде, еститінім:
«Күнелт енді күркеңде, қиыңды үрле!»
Көзден бұлбұл ұшты да балғын күнім,
енді жаутаң қағады əркімге ұлым.
Бабалардың жұртында шалажансар
қайырлаған балықтай қалдым бүгін.





Пікір жазу