06.05.2022
  254


Автор: Фариза Оңғарсынова

Мінез

Адамдар-ай сыртынан жылтыраған,
сырты жылтыраса да, құлқы харам.
Сол шындықты бүкпесіз айтсам болды,
бар ғаламның төнеді бұлты маған.
Кешірмейді ешкім де мына жайды,
жамандығын бетке айтсаң, бұ да қайғы.
«Жұрттың бəрін жау етіп қайтесің», – деп,
жанашыр да өзімді кінəлайды.
Бұл мінезім көп жанмен егестірді,
сырттай жамандамаймын мен ешкімді.
Ал біреулер жылмаңдап қарсы келсе,
көзің тайса, өсектеп кеңес құрды.
Бірақ олар жақсылар санатында,
шындықты айтқан – мен ғана қара тырна.
Жақсымен де тіл тауып, жаманмен де,
жүрген адам – жұрт үшін дара тұлға.
Есіл-дерті басының тұрмыс қамы
болса-дағы, сырт көзге қызғыш бəрі,
үкім кесер өзгеге, өздерінің
бастан асып жатса да қылмыстары.
* * *
Туған жер, туған ауыл қымбат маған,
ешкімге бұл сезімді былғатпағам.
Мен оның өзім ғана сезінетін
қастерлі қасиетін жырлап бағам.
Ол жерге деген менде сезім бөлек,
(жатпасын келгенімде өзімді елеп!)
Ал оның қасиетін сезу үшін
тек менің жүрегім мен көзім керек!
Мен үшін өмірдегі ең ізгі бақ –
сол жерден басталған-ды сезім-бұлақ.
Жайылып қазағымның даласына,
кеудемнен барады енді теңіз құлап.
Самалын Сарыарқаның жұтсам деп ем,
сол жаққа жүрегім мен құштар денем.
Мендегі сезімді де көре алмайды
көр кеуде кейбір пасық дұшпан деген.
Заңы жоқ, тəртібі жоқ қоғамдар кем,
бəрібір қоғам қорғар соғар желден.
Ал менің дариядай сезімімді
ешкім де бөгей алмас тоғандармен!
Басында Оқжетпестің сағым-мұнар,
жан қанша жазығында жанымды ұғар!
Қиындап түсінісу кеткесін бе,
өзімді ұққандарға жаным құмар.
Қарасам биігіне Үшқараның,
жаныма қуат құяр күш табамын.
Көңілім құлындайды, естігенде
қия алмай көшіп жатқан құстар əнін.
Бұл маңнан нелер терең сырды ұқпадым,
ту ұстар не жайсаңды мұң жұтқанын...
Мен қалай сүймей енді тұра аламын
бұл жерге тамбады деп кіндік қаным?!
Даламды жасапты-ау бір керім ұста,
тек жұрттар дəл өзімдей сезіп, ұқса...
Туған ел, саған деген махаббатым
бағынар емес жүзге не жынысқа!
* * *
«Басынан Қаратудың көш келеді».
Көш келсе – өмірімнің өшпегені.
Естісем елестейді көз алдыма
қазақтың Ақтау, Арқа, Өскемені.
Тарихтың бойламадым өткеліне,
кей адам өткеніне өкпелі ме?
Ал мені ойлантады туған жердің
бүгінгі көк тасы да, бөктері де.
Жылытпай бауыр көңілі, дос демі де,
ілескен қазақ өмір көштеріне.
Көңілдер көлшіктеніп, жайлау қашып,
қалғандай куə болып Көкше, міне.
Қала өсіп Қаратауда, сана да өсіп,
барады əлі күнге дала көшіп.
Көш – өмір қозғалысы. Тек бүгінде
дауысы бозтайлақтың барады өшіп.
Күтумен еркіндіктің таңын алдан,
жұтыпты сол көштерді сағым-арман.
Соңында Қаратаудан көшкен елдің
жаныма мұң сіңірген əні қалған.
Шапқанмен шырқ үйіріп тағы жалған,
көштердің жаны қалған, қаны қалған.
Көшермін мен де мəңгі тек ізімнен
ұрпақтар шырқап салар табылар ма əн...
* * *
Еріп ессіз өлеңнің жетегіне,
қыздырғаным шамалы шекені де.
Жырларымнан күлкі не ақыл күтпе –
менде əуелден жоқ соның екеуі де.
Ақыл аулап таң ата көз іле ме,
өзгелердің өтімді сөзі неге?
Менде ақыл жоқ еріккен жұртқа бөлер,
бір ақылгөй жетпей жүр өзіме де.
Бұл дүниеде бас бұзар бар арсыздар,
жүрек түгілі көргенде санаң сыздар.
Қуаттанам, күлем деп дəметпеңдер –
жырымды оқып жас бұлап қаларсыздар.
Шырайланып өмірдің өңі кенет,
шаттық болса, күлкі де төгілер ед.
Жердегілер – желөкпе, шаттығыңды
шынжырлапты, шыңғыртып қолын егеп.
Мақұрыммын айладан, күлкіден де,
болса шашу етер ем шіркін елге.
Жоқтауым бар, мұңым бар – жан дертіңді
жүрек жасын көзіңе іркіп емде!
* * *
«Əуеде ұшып жүрген көк көбелек».
Сезімін қандай жүрек төккен ерек?
Үй салмай, мүсіндемей, мешіт соқпай,
тарихын əнмен өрген не еткен ел ек?
Бұл əнде бар жүректің оты бардай,
сол отты лапылдатқан тоты қандай?
Шымырлап тұла бойым естігенде
орнымнан тұрып кетем отыра алмай.
Күміс үн, нəзік тұлға, ақша қабақ,
бір сүйсе айнымайтын досқа жарап...
Əндегі сол қыздарға қызығудан
түседі жанарымнан жас домалап.
Тек өзі сұлулықтан үміткер Ай
қызғанып, қалған шығар бұғып талай.
Күмістей сымға тартқан қыз тұрғанда,
мəрт мінез батыр болмас жігіт қалай!
О, қайран қазағымның халық əні-ай!
Төгілер сол əндерден жаныма арай,
сағыныш, шарасыздық, ел мен дала –
сыйып тұр əуеніне бəрі қалай?!
Халқымның тыңдағанда қиял əнін,
жаныма нəзік нұрлы күй аламын.
Өзіме қарап қойып, кей жігітке
жамансың деуге сонда ұяламын.





Пікір жазу