06.05.2022
  184


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жанқожа батыр басында жалбарыну

Ей, ер бабам!
Басы айналып сен қорғаған кең далам
асау аттай құйқылжыған заманда,
сауысқандар билік айтып ғаламға
аласталып асылдар мен ардалар,
тағдыр шешсе күл шоқыған қарғалар
есі кеткен елім соған алданар,
батыр қайда шамырқанар, шамданар?
Сен қорғаған даланың
бүгініне мен күрсініп қарадым:
заман мүжіп кескекті ердің талабын,
құнсызға айналды бағалым.
Айыра алмай
дарақы кім, дара кім,
тұман алғандай жанарым.
Əділет деп қылыштарын қайраған,
арыстан Ер жағалауын жайлаған
Арал қайда, Сыр қайда?
Жағымпазды жаумен қоса тақымдар
Жанғожадай батырлар
енді бізде тумай ма?
Ей, ардақты ер баба!
Ерсіз болса, Ел – бала,
көлсіз болса, Жер нала.
Оңып барады кілем-жер.
Батырлар аз жауыздықты жүгендер.
Ұрпағыңа бірлік пенен жігер бер!
Ер көңілді халқың болса жалғанда,
туар əлі ту ұстайтын шын ерлер?!





Пікір жазу