06.05.2022
  92


Автор: Фариза Оңғарсынова

Биліктінің ойы

Жүргем бейқам жастықта мұнар шарлап,
билік-бике қоймады жыланша арбап.
Түкірігі түу десе жерге түспей,
жақсы, жаман əкім боп жүр алшаңдап.
Күнелтетін түрім бар тоңып əрең,
дедім енді биліктің соңына ерем.
Төбелесте шыныққан достың бəрін
қойдым осы бəйгенің жолына мен.
Қарап тұрсаң қай басшы дарынды адам,
талайының мен əлі шаңын қағам.
Байқауымша, еркімен ешкімнің де
бере қояр түрі жоқ тағын маған.
Сүйтіп жүріп таққа да жуықтадым,
айналасын тазарттым, уыттадым.
Əуелі жолымды аршыдым, өзге қолмен
осы қалай дегеннің қуып бəрін.
Жан-жағымды шіренген тұлға қылмай,
жидым елдің орташа ұлдарын жай.
Өмірі билік тимеген бұл байғұстар
құрақ ұшар алдымда құлдарымдай.
Адалсынған жандарды қудық та кеп,
ойда жоқта патша боп тудық кенет.
Ең алдымен басшыға кеуде керек,
сосын аздап, əрине, қулық керек.
* * *
Түсініксіз тым кейде
шариғаты тірліктің.
Құдай оны білмей ме –
жалған қайсы, шындық кім?
Түйдік өмір заңдарын,
түңіл мейлің, түңілме:
жақсы көрген жандарың
жау болады түбінде.
Білмейді адам жегенін –
жая ма, жоқ сіңір ме.
Құлар мəңгі дегенім
ертең бе, əлде бүгін бе.
Тірлік – ағын, пенденің
шаяр мəнін сулықтай.
Өмір сүрсе жерде кім,
кете алмайды у жұтпай.
Жерде өмірдің сол мəні –
заңдылықтар шырмаған.
Ұқсар мəңгі тордағы
жаутаңдаған құлға адам.





Пікір жазу