06.05.2022
  581


Автор: Фариза Оңғарсынова

Туған жер

Армысыңдар, туған жер, туғандарым,
кезіп Жердің тау-тасын, нулы орманын
келіп тұрмын, безгем жоқ өздеріңнен –
мені алысқа сендерден қуды арманым.
Шықтым талай талықсып шыңдарына,
ұялатты кей сəттер мұң жаныма.
Асып-тасқан, қиналған шақта кілең
ойша оралдым ақ мамық құндағыма.
Өлең деген алысып бір ағыспен
(түсінгенге азап жоқ мұнан үстем)
жырақ жүрмін сендерден тылсым кешіп
кейде күліп, кейбірде жылап іштен.
Жығылдым да.
Шаттандым жығып талай,
жолдас болдым жандармен сұрыптамай.
Биіктерге өрледім.
Кейде өзімді
сездім жалғыз жарылғын жұмыртқадай.
Өнер – түпсіз, ол да бір құдық терең,
өмір – күрес, шаршаймын сынып денем.
Оң, солымда шың құздар. Тек өздерің
мені жебеп жүр-ау деп үміттенем.
Жайбарақат күн кешу бұйырмаған,
қиял қуған мен болдым «қиын» балаң.
Салқын дүние көжектей қалтыратты –
сəбиіңе қойныңды аш,
үйім-далам!
Құшағыңның жылуын берсең болды –
мен əлі де талай шың,
қиырды алам!
* * *
Жол қайда ақиқатқа апаратын?
Ел қайда ақиқат деп аталатын?
Сол елде арамзалар, алаяқтар
аяғы көктен келіп, мат алатын?
Сол елде адамға адам дос, бауыр ма?
Біреуге ақ жаныңды тосқаныңда,
тоғысып бір-бірімен көңіл-бұлақ,
аға ма, кездеспей ме тосқауылға?
Жоқ па онда жылан тілді өсек деген,
қимылды қылға тізіп есептеген.
Адамдар көздемей ме бірін бірі
оқпенен, жаламен не кесекпенен?
* * *
Біздің мынау даланы-ай!
Өзен, өріс жағалай,
талдары да – қарағай;
бала біткен ақылды
көпті көрген ағадай,
ауылы да қаладай,
қыздарының жамалы – Ай,
Ақынының бəрі – Абай.
Өрлері де қыраттай,
көлдері де сынаптай,
шыңдары да шаншылып,
өзеніне құлапты Ай.
Селеуі де құрақтай,
құлындары құр аттай,
таба нандай Күні де
күйдіреді шыдатпай.
Естіледі алыста əн,
құсы Күнмен табысқан,
адамдары елгезек
жылдарменен жарысқан;
заводтардың түтіні
ғарыштан да əрі ұшқан;
қалалары ғажайып,
хабар алған ғарыштан.
Жайлаулары жайқалған,
біздің дала – Бақстан!
* * *
Қала қандай əдемі! Түнгі қала!
Түнгі қала құшқандай нұрды ғана.
Төбесінде мүлгиді
кеудесіне
Ай қадаған көгілдір бір мұнара.
Гүлзарлары көзіңді бақтай ұрлар,
сыбырласып қыз балтыр ақ қайыңдар,
тізіледі көк терек
жүргендейін
қызды ауылды күзетіп жатпай ұлдар.
Зəулім үйлер, сарайлар сұлу қандай!
Сұлулықтың жұтасың нұрын қанбай.
Терезелер оттарын жайнатады
ар жағында бəрінің жылу бардай.
Жылу бардай, сезім мен сенім бардай,
сенгендерін өпкендей ерін қанбай.
Терезеде мынандай сəуле бар үй
дерттен айықтырардай еміңді алмай.
Ешкім күйдірмегендей, сатпағандай,
онда ешкім де қан жылап жатпағандай.
Дөңбекшіген жан жоқтай жаутаңдаған
бір адамға жүрегін ақтара алмай.
Көмкеріліп жан-жағы дəу кемермен,
түнгі қала сарайдай сəнмен өрген.
Өзін-өзі жұбатып жымыңдайды
нəр алғандай осынау сəулелерден.
* * *
Сұңқар ғана сұңқарға серік болар,
сонысымен сенімді, көрікті олар.
Бұл жалғанда қарға да қарғалармен
өлімтікке жапырлай келіп қонар.
Адамдар аз салатын арқаны кең,
пенделіктің шырмалып арқанымен,
қайтсем қолға билікті аламын деп,
өңешінен жұтқаны – жаңқа кілең.
Билік тимей жүргені – зəрлі, ашулы,
тырналардан өш алар қарға сынды
өңшең тобыр жиылып, бір-бірінің
жағасына қол салып, жармасулы.
Өмір кейде өзендей арнасы улы,
таба алмайсың нəр болар жанға суды.
Бір-бірінің қимылын аңдып, бағып,
топ-тобымен өзара арбасулы.
Бір-бірінен қызғанған Айдың нұрын
орталарда күн кешкен қайғымды ұғын.
Əлде түлкі тегіміз болғасын ба,
адамдардан естірек маймыл бүгін.
Сусыз жерде тамырлар семер де анық,
баса алмаудан шөлімді келем налып.
Озбырлар да, зұлым да жаза тартпас,
барлық тақсыреттерін шегер халық.
* * *
Жыл жаңарды, көңілім, жаңар менің,
тарылғандай айналам, алар демім.
Қыстығумен күй кештім қаншама күн,
осы ма еді қыспаққа салар жерің?
Көңілімді құрсаулап қатпар мұңдар,
өлеңімде шаттық аз – жатқан бір зар.
Қайран жігер, қайдасың, тілеулес ең,
тұншықтырған кеудемді батпан зілді ал!
Жарасым жоқ, жалғанның сəні кемдей,
Анау аспан, Күн мен Ай – бəрі жердей.
Көзі біткен құдықтай, қалды жұртта
сезіміме санамның əлі келмей.
Сағынышым үстеді үміт келмей,
жылу жоқтай мұздарды жібіткендей.
Сыңар езу сезімге мінгесіп ап,
кетті ақыры көңілім ырық бермей.
Құрсау мұңға көңілім қамалғалы,
жүйкемді де талдады, тарамдады.
Өзімді өзім ұға алмай, қалжырадым –
жұмбақтардан тұра ма адам жаны?
Жаным қаусап, себепсіз күрсініппін,
не жетпейді – төбемде тұр шығып күн.
Мен бе барометрі Планетаның
əлде тынысымын ба тіршіліктің?





Пікір жазу