06.05.2022
  134


Автор: Фариза Оңғарсынова

Мінәжат

Дина апа,
Қысылып-қымтырылмай еш пендеден,
күй тартсаң, сан дүлдүлге дес бермеп ең.
Арманым – саған салған ескерткішке
гүл қойып бір мінəжат етсем деп ем.
Ұмытып ғасырлардың азап мұңын,
кешуде далаң бүгін ғажап күнін.
Күйлерің тəуелсіздік туы астында
халқыңның паш етеді азаттығын.
Бейнең жоқ, рас, бұған əркім де алаң,
көңілімде сен биіксің сан тұлғадан.
Отанның қақ төрінен ұрпақтарың
ескерткіш қояды əлі алтындаған!
Далаңның əр бұтағы бүр жарғандай,
ұрпағың жүлде алуда сыннан қалмай.
Ойнаған домбыраның құлағында
шетінен сізге тартқан қыздар қандай!
Күйлерің қуат беріп талпынғанға,
тыңдайды ұлы рух та «Алтын жалда».
Есімің жасар мəңгі, жаным апа,
талантын ардақтайтын халқың барда!
* * *
Қолында билік барларға
жағынып жалпаң қаққандар,
секіріп аттап ардан да,
биліксіздерді таптаңдар!
Мансаптың дертін емдер ме,
дəру жоқ, соны түйдік біз.
Мазмұнсыз, мəнсіз сендерге
күн көру қиын биліксіз.
Жүйкемді мен де жонам кеп,
өссем деп биік бəрінен.
Сендерге обал болар деп,
жағынбай келем əлі мен!
Жанымды жеді бір мұңым,
басылмай тіпті дəріге:
санаулы билік құрғырың
қалар ма жетпей бəріңе?
Сен үшін мен де мұңданам,
өңештен асың өтпесе.
Тимесе билік – күн қараң,
ойбайды салып, от көсе!
Қайғырма маған сен бірақ,
жағдайым менің басқаша:
өлеңім барда, жер – жұмақ,
оқыма, саған жақпаса!
Көйлегім бүтін, күйлімін,
жатқам жоқ шіріп жағада.
Жаутаңдап алған билігің
еркіндігімнен садаға!





Пікір жазу