06.05.2022
  180


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ай-ана

Əбіш өскен Онды ауылына кіре берістегі төбеде
сонау жолдың бойына қарап, əлде соғысқа кеткен қосағын,
əлде оқуда жүрген жалғыз ұлын күтіп отырған анаға
ескерткіш орнатылыпты.
Бұл – Айсəуле ананың бейнесі.
Маңқыстау жері – кіл жұмбақ,
тауы мен сайы – мұражай.
Бұлақ жоқ аққан сыңғырлап,
таңдандырады мына жай:
сусыз да шөпсіз ғұмырға
үйренген елме – бұ қалай?
Оғландының шыңында
қай жақтан келген құралай?
Бұл жерде Күннің от демі,
тұрғандай салып тастары əн.
Шежіреге толы өткені,
бүгіні де өзге басқадан.
Ауылы көркем қаладай,
жасыл желекке оранған.
Қазақтың елі жағалай
осындай болса – жоқ арман.
Тағызым етер сан ұлан,
ескерткіш қандай ананың!
Жүгіріп өтпей жанынан,
сəлем бер күнде, қарағым!
Бір арманым бар санада:
туғанда елге азат күн,
ескерткіш тұрса анаға,
əр ауылында қазақтың!..
* * *
Оңғарып ойыма алған ісімді, Алла,
қайда да жол бере гөр мұсылманға.
Жүргенмен кейде ұмытып, пір Бекетті
əйтеуір еске аламыз қысылғанда.
Аллаға тура шығу қайда бізге,
алдымен оған барар айланы ізде:
Əулие-əнбиелер көмекшісі-ау,
солармен тіл табысу – пайда бізге.
Əулие тірі адамның қорғаны ма,
ендеше өмірліге ол да мұра.
Аллаға шүкір жанға үміт құяр
əйтеуір бір құдірет болғанына.
Тартады Ата рухы көк пендені –
демейтін қиын жолда өткел ме еді?
Роза: «Пір Атаға барсам-ау...» – деп
естігем айтатынын көптен бері.
Бұл сапар сенім құйып санамызға,
шын-ау деп елеңдейміз əр аңызға.
Тау-тасын жатқа соққан Əбекеңнің*5
болғаны қандай жақсы арамызда!
* * *
Төбеде күн жарқырап нұр шашқанда,
Тік ұшақ көтерілді кілт аспанға.
Үңіліп терезеге қарап қаппыз
жердегі сұр тастарға.
О, ғажап, табиғаттың шеберін-ай,
жоқ мұнда жасыл орман желегі бай.
Жері сұр қылтанақсыз Маңқыстаудың,
япыр-ай, неге бұлай?
Күн-жалын, мына ыстыққа төземіз бе,
жабысып киіміміз денемізге.
Ақ қойдың терісіндей бұлт қалықтап
тұр екен төбемізде.
Сол ғана қолшатырдай көлеңкелі,
жалғыз бұлт көк аспанда, о да ертегі.
Суы жоқ, Күні – көрік бұл тірліккке
қандай жан көнер-тегі...
Таңырқап маң даланың кеңдігіне,
күн кешкен көрдік шөлде елді, міне.
Бас идік ата жұртын қастерлеген
халықтың ерлігіне!





Пікір жазу