06.05.2022
  153


Автор: Фариза Оңғарсынова

Маңқыстауда патшадай сезінемін

Маңқыстауда кімім бар осы менің?
Алады онда біздерді есіне кім?
Қуаттансам деп едім топырағынан –
шығар ма екен алдымнан тосып елім?
Оғыландыны түсімде көрем кейде,
сонда қайғы-мұңымды өшіремін.
Пір бабамыз дем беріп жатыр-ау деп,
ақбоз атқа мінгендей көсілемін.
Астанаға келетін інілерім
сəлем бермей кетсе де, кешіремін.
Көңіл бөлмей пенделік əр елеске,
жөн емес-ау күйзелу сана жетсе...
Ақкүмісі жанында,
қарсы алатын,
Киікбайдың қара нар бар емес пе!
тергеу, шабаз, Күріштер
генсекке ерген,
политбюро тұрпатын салады еске.
«Адайкөк» жоқ бір кезде құлан алған,
бұл аймақты қаншама сынады арман...
Жастық деген жайлауды жұртқа тастап,
«Мерседеспен» заулайды мына жалған.
Сонау салқам жігіттер шал болған ба –
тісі сары, бастары – шың ағарған.
Мен бекерге күйінем,
Маңқыстауда
өр рухтан өшпейтін мұра қалған.
Келгенімде «апамыз тірі екен» деп,
Қолғанаттай бауырлар шығар алдан.
* * *
Ағаларым азайып,
Құрбыларым сиреді.
Ақыл айтып, ми жеді
боқмұрындар үйдегі.
Өмір деген ғажайып
сəт екен ғой қас қағым.
Ал, өткесін жас шағың,
жаныңды үгер тастап мұң.
* * *
Маңқыстауда сəн бөлек, əн де бөлек,
сол аймақта жатқандай бар керемет.
Жігіттері мəрт мінез, жаны дархан,
ақыны асау, шетінен талғамы ерек.
Нота білмей күй төккен Абылға ұқсас
Сержандардың шерткені – жанға қорек.
Киіз үйлерін кетер кім көзіне ілмей,
ішіне енсең, босаға, төрі бірдей.
Сəн-салтанат, сұлулық – бəрі осында,
төбедегі түндіктің өзі күндей.
Əппақ таулар адайдың көңіліндей,
біреулер жүр əлі күн соны білмей.
Талайлардың табаны таптағаннан
кейде дала жатады өңі кірмей.
Шетпе жаққа қараймын жанарды егеп,
жау ала алмас таулары қамал деп ед.
Қызылқала немесе Шерқаланы
көргенім жоқ, жүрмін тек аман ба деп.
Əбіш өткен ғасырда уəде беріп:
«Аралатам бар жерді саған», – деп ед.
«Əбекеңе обалым» деуге қорқам,
тірі əулиенің кəріне қалам ба деп.
* * *
Уа, шіркін жақсы көрген сағаттар-ай.
Сол сəттер келер екен қашан тағы...
Сал сезім ойларменен азаптамай,
жаныңды жасартады.
* * *
Шынжырлыда тұратын
талабы тау жығатын,
шындық үшін шырқырап,
жыр
-майданға шығатын,
арсыздыққа, зорлыққа
сөз
-семсерін сұғатын,
жалқы жұлдыз жарқырап
көгінде ылғи тұратын,
бұл – Алланың нұры деп
өзі солай ұғатын;
аспанда ай таранған
қандай ғажап мына түн!
Сұлулықтан нəр алған,
бар осындай дүр ақын.
Көкірегінде күн аунап,
құдайы көп қоғамды
шынжыр жырмен бұғаулап,
дымын қоймай сыбаған,
зіл мұрттарды сынаған.
Жұпар
-ғалам іздейді ол
таза қайғы, күнəдан,
қаны, жаны, діні аман.
Əр сөйлемі – тұнба сыр,
тамырында мың ғасыр
жатыр тынбай ұрандап,
бірақ өмір сыңаржақ,
нұр
-ғаламға бұруға
жеткізбейді шығандап.
Дана да бір, қырт та бір
құдайы көп бүгінге,
жағу қиын жұртқа бұл.
Бірақ, халқым, түңілме:
үш жүз алпыс тізімді
жалғастырар түбінде
Шынжырлыдан шыққан ұл!
* * *
Жапа-жалғыз көк терек
жас төгеді жағада.
Теңіз тулайды өкпелеп
жетпедім деп далаға.
Көріністер тізбегі
ой салады санаңа:
жылдарыңның іздері
жатыр сонда – сарала.
* * *
Маңқыстауда туғам жоқ, мұным мəлім,
сезем бірақ қуаныш, мұңын – бəрін.
Тартады да тұрады бір күш мені
осы жаққа. Неге екенін ұғынбадым.
Келмей жүрсем бұл жаққа төзім жылап,
жүрегім де сүйрейді көзін бұлап.
Маңқыстауда патшадай сезінемін,
неге екенін білмеймін өзім бірақ.
Күлсем бір күш бойыма құйылады,
аға, жеңге, келіндер жиылады.
«Қойщы-ей!» десем өзімше қабақ түйіп,
тергеулердің жүтелі тыйылады.
Екі сіңілім ерекше талғам, əрі
Рашила Шамшамен таң жанары:
«Фəкең барса Ақтауға, ауруынан
ел айығады екен», – деп таңданады.
Аңыз айтады мен жайлы бұлар қилы,
Əбіш мені əзілдеп сыр аңдиды:
«Келімберді, Құдайкең керек емес,
адай десең болғаны бұған», – дейді.
Рас, жұртқа сес берер бар айбыным,
жұттым содан тірліктің талай мұңын.
Ардақтамас заманда мені мүмкін
аласартпай жүр шығар адайлығым.
* * *
Оған иттік жасадым – жасырмаймын...
Тұрғандай ед ол барда
қасымда Ай, Күн.
Қателігім сорғылап сүлдерімді,
қайғырып шашым жайдым.
Маған көктен келген бұл не сын деймін,
кіріп-шығып жүретін есім кей күн.
Ол бəрін де кешірді баяғыда,
ал өзімді ешқашан кешірмеймін.
* * *
Тұщықұдықта жүр менің Ордалы інім,
тұла бойы туғаннан толған ілім.
Құдай берген қол бастар қуатты оған,
қол бастайтын батырдың қорғаны кім?
Кім естиді сұңқардың тордағы үнін...
Иса, Досан кезінде өмір сүрсе,
көрер еді ел ерлігін сонда мұның.
Көрсе бекер жүргенін елге сіңбей,
аға болып сыбайды жерлесін кей.
Биліксіз-ақ жүреді ол Ер Қосайдың
шаңырағын ұстаған кенжесіндей.
Тұщықұдық.
Құмы – мамық бұл жердің, суы балдай,
жүр біреулер киесін ұғына алмай.
балқаймағын, шұбатын тосып алдан,
барсаң бəрі күтеді дымы қалмай.
Сонда сен де сезесің Маңқыстаудың
шыңы қандай, шың тектес ұлы қандай.
* * *
Келсең де алпыс, сексенге,
сезіміңнен сескенбе –
сүймей тұра алмайды
немересін еш пенде.
Адал болса тілегің,
қартаймайды жүрегің.
Сүйе алмаса, адамның
өлгені деп білемін.
* * *
Жас күнгі ішкен астың мысы жеңіп,
өлгенше болады екен кісі жерік.
Көбігі бұрқыраған балдай шұбат
жүреді ылғи менің түсіме еніп.
Сөз мүжіп Алматыда шаршап жүріп,
самалын Маңқыстаудың аңсап жүріп,
ауылдан Күріш келсе қалушы едік
бір жасап, түніменен əн салдырып.
ең алғаш Маңқыстаудан шұбат алып
келіп еді Жомарт деген жайсаң жігіт.
Ауылдың қуанбайды сыйына кім,
«Ішің!» деп Жомарт сонда қиылатын.
Əбішке көбірегін құйып беріп,
қалғаны біздің үйге бұйыратын.
Сол күндер гүл дəурендей сағындырды.
Жоқ бүгін Ізбасарлар жалын жырлы.
Жомарт жоқ, Киев те жоқ, Əбіштай да,
ерте алды Сайком сынды дарынды ұлды.
«Фариза көп күлмейді», – деседі жұрт,
Жоқтаудан жақсыларды жаным мұңды.
* * *
Жас кезімде: «Кемеңгер
менен асқан жоқ», – дедім.
Періште ғой демеңдер –
күнəларым көп менің.
Біле бермейді бар халық –
қатесі мол пендемін:
жарамсаққа алданып,
адал досқа сенбедім.
Өз-өзімнен ісініп,
кішілік пен кісілік
не екенін ұқпадым.
Бəрін енді түсініп,
өкініш-у ұрттадым.





Пікір жазу