06.05.2022
  205


Автор: Фариза Оңғарсынова

Марқакөл

Атын есітіп, көрмей-ақ толқып едім,
көңілімді енді жаулады көркі менің.
Марқакөлді көрсем деп армандаушы ем,
орындалып тұр бүгін сол тілегім.
Мұхит сынды Марқакөл Алтайдағы,
жамалынан əлі күн əр таймады.
Маған қызық көкмайса жағасында
тыныс алып таулардың жантайғаны.
Сəуле түссе, жүзінің өзі Күндей,
суы мөлдір жастықтың сезіміндей.
Келіншектей қырдағы көркі, бірақ
сұлулығын жүретін өзі білмей.
Көкорайда шық тұнар, шаң шашылмай,
сүйеді ағын жағаның жартасын жай.
Тау қоршаған Марқакөл
түркілердің
сұлулары тағатын алқасындай.
Күн туады Алтайдан шашып нұрын,
сонда менен кетеді жасып мұңым.
Түркілердің, өр Алтай, төркіні едің,
содан шығар өзіңе ғашықтығым.





Пікір жазу